Жаңалықтар

Зекет бер, зиян шекпейсің

Зекет бер, зиян шекпейсің

Бұрынғы адамдарды әулие десе де болады. Олар сөзге тоқтайтын, сөз қадірін білетін, досқа адал, уәдеге берік, мейірімді, иманды, әділдікті ту еткен, шариғат жолымен жүретін, бармын деп тасымайтын, жоқпын деп жасымайтын, барға қанағат, жоққа сабыр еткен, табиғаты мен жаратылысы бөлек жандар болатын. Сөзім дәлелді болу үшін отбасымнан өткен бір жайтты оқырмандарға жеткізгенді жөн көрдім. Әжем марқұм 1980 жылдың күз мезгілінде бір ғасыр жастан асып, қайтыс болды. Ол кісі иманды, қанағатшыл, тәубешіл, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін, көзі ашық, көкірегі ояу, бойында жарасымды тектілік пен кісілік бар, мақал-мәтелсіз сөйлемейтін жан еді. Әңгімешіл, рухани бай, көркем мінезі – өз алдына бөлек әңгіме. Әрдайым басынан өткен қиыншылықтарды жиі есіне алып отыратын. «Біз, балам, не көрмедік. Ашаршылық нәубетін, алапат соғысты да бастан кешірдік. Ішсек тамаққа, кисек киімге жарымай, жоқшылықтың зардабын көріп өстік» дейтін. Ұмытпасам әжеміз сол 60 жастан кейін-ақ қиямет күніне дайындалып, ескі сандығын киім-кешекке толтыра бастаған екен. Не үшін деп сұрасаңыз: «Балам, біз бұл өмірде қонақпыз, ерте ме, кеш пе – Алланың құзырына баратынымыз анық. Өмірге қалай таза келсек, о дүниеге де таза кеткеніміз жөн. Сол кезде бұл дүниеде біліп істеген, білмей істеген күнәларымыз үшін жауап беретін күн туады. Бұл жиналған заттар ағайын-туысқа, жоқ-жұқана адамдарға садақа ретінде, мүмкін ұмыт қалған қарыздарымның да өтеуі болар деп, жауапты қысқа қайыратын. Жалпы, садақа беру – үлкен сауапты іс деп отыратын. Қалай әулие демейсіз. Ешқандай сауаты жоқ, әліпті таяқ деп білмейтін адамның Аллаға сенуі, Алладан қорқуы керемет имандылық, көрегендік емес пе? Біздің өркениетке қол жеткізген заманда осындай иманды адамдарды сирек кездестірер ме екенбіз? Енді міне, заман өзгерді, қоғам түрленді. Адамдардың санасын дүние мен мансап билеп барады. Қоғамда жүрегінде иманы жоқ, санасында қанағат жоқ жаңа топтар пайда болды. Қазақ халқы – дана халық. Ерте заманнан жетім-жесірін жылатпаған ел емеспіз бе? Сол имандылық қайда, қалай жоғалтып алдық? Мәселе осында. Енді діни тұрғыдан адамдардың рухани әлсіреуіндегі бірнеше себептерге тоқталайын. Шариғатты оқымау, яғни діни сауатсыз болу, Алладан қорықпау, зекет бермеудің қиямет күні жазасы ауыр болатынын білмеу, жүректе иманның болмауы, қанағаттың жоқтығы, сараңдық. Бүгінгі таңда қай қалада, қай елді мекен болмасын қалталы азаматтар жетіп артылады. Қазақта «мың қосшыға – бір басшы», «көп түкірсе – көл» деген. Құран аяттарында: «Зекет беру – әр мұсылманның парызы» екені айтылған. Зекет беру Алланың пенделерін байлардың есебінен кедейшіліктен құтқару үшін жасаған амалы (бұйрығы) десе де болады. Қандай да бір мәдени іс-шара өткізу үшін мектепте ата-аналардан, өздері айлыққа жарымай жүрген мұғалімдерден, дәрігерлерден, бюджет қызметкерлерінен ақша жинауды әдетке айналдырғанбыз. Бақуатты кісілер зекеттерін төлеп, жүректерін қайырымдылыққа бұрса, талай игілікке қол жеткізуге болады емес пе?!

Қабылан Көрпебаев, еңбек ардагері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.

Мойынқұм ауданы.