Спорт және туризм

Аспан асты еліндегі арпалыс

Аспан асты еліндегі арпалыс

жеті боксшымыз лицензиялық турнирдің жартылай финалына шықты

Қытайдың Цяньань қаласында жалауы желбіреген бокстан Азия және Мұхит жағалауы елдері арасындағы лицензиялық турнирдің ширек финалдық жекпе-жектері аяқталды. Ерлер арасындағы сында бақ сынаған алты үмітімізбен бірге жартылай финалға бұрымдылар арасынан Дариға Шакимова да қиналмай өтті. Ширек финалдық айқастың шымылдығын қазақ боксшылары арасынан 64 килограмм салмақ дәрежесін­дегі саңлағымыз Абылайхан Жүсіпов түрді. Қарағанды бокс мектебінің түлегі Абылайхан австралиялық Девид Биддлді үш раундта да айқын жеңіп, жеңісті жорықты жалғастырса, күндізгі сессияда шаршы рингке көтерілген 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі мақтанышымыз, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен аталмыш Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко да өз кездесулерінде мықтылықтарын байқатты. Әділбек сириялық Алаа Элдинді айқын басымдықпен жарыс жолынан шығарса, Иван жаңазеландиялық Патрик Майлатадан бірінші раундта техникалық нокаутпен басым түсті. Бұдан соң қыздар бәсекесіндегі үмітіміз, 75 килограмм салмақтағы Дариға Шакимова моңғол қызы Эрденетуя Энхбаатаның мысын басты. Арулар сынындағы тағы бір боксшымыз Назым Есжанова ринг қожайыны Йин Джинхуаға есе жіберіп алды. Кешкі сессияда ринг төріне үш бірдей былғары қолғап шеберіміз көтерілді. Бірінші болып шаршы алаңға әскерилер арасындағы әлем, әуесқой боксшылар арасындағы Азия чемпионы, 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев беттеді. Ол кәріс жігіті Инку Кимді үш раундта ойқастап жүріп, айқын басымдылықпен жеңе білді. Үш төреші де Олжастың басым түскенін бірауыздан мойындады. Сәттібаевтың сәтті жолын 56 килограмм салмақтағы Қайрат Ералиев пен 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы жалғастырды. Қайрат моңғол боксшысы Центбаатар Ерденебатты үш кезең қорытындысы бойынша жарыс жолынан ығыстырса, Жәнібек Әлімханұлы қырғыз Ильяр Ахметовтен айласын асырды. Цяньань төрінде керілген шаршы рингтегі жартылай финалдық айқастар бүгін жалғасады. Күндізгі сессияда 56 килограмм салмақтағы Қайрат Ералиев үндістандық Шива Тапамен, 64 килограмм салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Жүсіпов қытайлық Цянксун Хумен, 75 килограмдағы Жәнібек Әлімханұлы моңғолиялық Шинебаяр Нармандахпен қолғап түйістіріп, ақтық сын жолдамасын сарапқа салса, бұрымдылар додасындағы Дариға Шакимова кәріс қызы Ун Жангқа қарсы жекпе-жек өткізеді. Ал, кешкі сессияны 52 килограмдағы үмітіміз Олжас Сәттібаев бастайды. Ол ринг қожайыны Жиангван Хумен шайқасады. Бұдан соң 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетов түркіменстандық Азиз Ачиловпен шеберлік байқасса, аса ауыр салмақтағы Иван Дычко иорданиялық Хусейн Яшаишпен бокстасады. Аталған жекпе-жектер «KAZSPORT» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі. Ақтық сынға шыққан жігіттер Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленсе, жартылай финалда тоқтағандар жалғыз жолдама үшін жұдырықтасады. Ал, қыздар бәсекесінде финалға шыққандарға ғана жолдама үлестіріледі. Ендеше былғары қолғап шеберлерімізге сәттілік серік болсын дейміз!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».