Денсаулық

Қазақ елінің ғарышта «екі көзі» бар

Қазақ елінің ғарышта «екі көзі» бар

Қазақстанның меншігіне және басқаруына бірегей стратегиялық актив түпкілікті өтпек. Және ол нысан тек жерде ғана емес, сондай-ақ ғарышта да «орналасқан».

Кеше «Қазғарыш» отандық «KazEOSat-2» ғарыш серігі мен оның жердегі сегментін қабылдап алу бағытында арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Мұны Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған тарту деп бағалауға болады. Өйткені ол, мамандардың түсіндіруінше, «қазақ жеріне және оның тұтастығына жедел мониторинг жүргізудегі Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді», деп жазылған «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Қазақ елінің ғарышта «екі көзі» бар» атты мақалада.

Екінің бірі біле қоймас, бірақ дәл қа­зір қазақ елінің ғарышта «екі көзі» бар: Жерді қашықтықтан зондтауға арналған тұң­ғыш қазақстандық спутник «KazEOSat-1» 2014 жылдың 30 сәуірінде фран­ция­лық Гвианадағы Куру космодромынан ұшыр­ылған болатын, бүгінде ол қалыпты жұмыс жасауда. Сол жылдың 20 мау­сы­мында ресейлік «Ясный» ғарыш айла­ғы­нан осындай отандық екінші жер серігі - «KazEOSat-2» көк сеңгіріне жол тарт­ты. Және бүгінге дейін жоспарлы сы­нақ­тан өтті. Ең ғажабы сол, бізден 630 шақырым биік­тікте, күнмен синхронды орбитада қа­лықтап жүрген «KazEOSat-1» арқылы Қа­зақстан жер бетіндегі ұзындығы 1 метрден асатын кез келген нәрсені анық бай­қай алады. - Қазіргі уақытта мемлекеттік ко­мис­сия Жерді қашықтықтан зондтаудың ға­рыш жүйесін қабылдап алу бойынша жұмыс жүргізуде. Комиссия құрамына Инвестициялар және даму министрлі­гі­нің Аэроғарыш комитеті («Қа­з­ға­рыш»), Ішкі істер министрлігінің Тө­тен­ше жағ­дайлар комитеті, сондай-ақ «Қазғарыш­қа» қарасты ұйымдардың, «Ғалам» бір­лескен кәсіпорнының ма­ман­дары кірді, - деп мәлім етті министр­ліктің Аэро­ға­рыш ко­митеті. Жерді қашықтықтан зондтаудың қа­зақстандық ғарыш жүйесі - «KazEOSat» атты екі спутниктен, Астана қаласы жа­нын­дағы ғарыш түсірілімдерін өңдеу жә­не басқарудың жердегі нысаналы ке­шен­дерінен тұрады. «Қазғарыштың» дерегінше, отандық «KazEOSat-2»-ні британдық SSTL ком­паниясы жасаған. Мемлекеттік комиссия өз отырысы барысында бұл ғарыш ап­пара­тының жұмыс істеу шарттарын және оны Қазақстан экономикасының әр са­ласы үшін пайдалану мүмкіндіктерін зер­деледі. - Эксплуатациялауға қабылданған күн­нен бергі үш ай ішінде  «KazEOSat-2» спу­тнигі штаттық режимде жұмыс жасап ке­леді, - деп баяндады «Қазақстан Ға­рыш Сапары» ұлттық компаниясы пре­зи­дентінің міндетін атқарушы Марат Нұр­ғожин. Ол комиссия мүшелеріне осы отан­дық жер серігінің қызметтері мен өнім­дерін халықаралық және ішкі нарықта ілгерілету бағытында қандай жұмыс жүр­гізіліп жатқанын айтып берді. - «Қазақстан Ғарыш Сапары» мен SSTL компаниясы арасындағы уағдалас­тыққа сәйкес, штаттық эксплуатациялау­ға енгізілгеннен кейінгі бірінші жыл бойында ағылшын тарапы кепілден­діріл­ген түрде, біздің спутниктің түсірілімдерін сатып алып тұрады. Бұл келісім бізге осы істі табысты бастауға мүмкіндік береді, - деп сендірді М.Нұрғожин. Отырыстағы талқылауларды түйін-дей ке­ле, «Қазғарыш» төрағасының орын­­­­басары, мемлекеттік комиссия же­тек­шісі Мейірбек Молдабеков табыс­ты­лық мәселесіне үлкен мән берілетіндігін баса айтты: ««KazEOSat-2» бойынша мен­шік құқығын және тәуекелдерді өз мой­нына алғаннан кейін «Қазақстан Ға­рыш Сапары» оны коммерциялық мақ­саттарда тиімді пайдалануға тиіс!» деп нықтады ол. Мемкомиссияның бірінші отыры­сы­ның қорытындысы бойынша меншікке қабылдап алу мәселесін қарау туралы Хат­тамаға қол қойылды. Мамандардың айтуынша, «KazEOSat-1» - жоғарғы кеңістіктік көрсеті­лім­дегі (1 метрге дейін), ал «KazEOSat-2» -ор­таша кеңістіктік көрсетілімдегі (6,5 метр) оптикалық-электрондық ғарыш аппараттары болып табылады. Қазақстан б­үгінгі таңда осы спутниктері арқылы Жер­ді ғарыштан тек суретке түсіріп қана қоймай, сонымен бірге оларды өңдеп, ақыр­ғы тұтынушыға өнім түрінде ұсыну мүмкіндігіне ие. Осы мақсатта елорда жа­нынан Жерді қашықтықтан зондтау спут­никтерінен мәліметтерді қабылдау, өң­деу және тұтынушыларға тарату жө­ніндегі нысаналы кешен салынған.

Бұл ретте отандық «KazEOSat-1» жер серігін Қазақстан 2015 жылғы маусым айында штаттық эксплуа­тациялауға қабылдап алды. Ал «KazEOSat-2» Қазақстанның меншігіне өткен жылдың желтоқсан айында тап­сырылған. Қазіргі уақытта қос ғарыш аппараты да қалыпты жұмыс жасауда және Жерге тәулік бойы мониторинг жүргізуде. Мысалға, бірінші спутник бір тәулік ішінде 220 мың шаршы шақырымға дейінгі ауданды ғарыштан түсіре алады. Ал «KazEOsat-2»-нің көрсеткіші бір тәулік ішінде 1 миллион шаршы шақырымға дейін жетеді! Егер Қазақстан территориясының жалпы ауданы шамамен 2 миллион 724,9 мың шаршы шақырымды құрайтынын ескерсек, ғарыштағы «көздеріміз» қазақ жерін екі тәулік ішінде толық сүзіп шыға алады. «Қазғарыштың» дерегінше, жер серіктері жұмысқа кіріскелі бері 150 миллион шаршы шақырымнан астам ауданда ғарыштық түсірілім жүргізіліп, өңделген. «Олардың үлкен бөлігі «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» ұлттық компания­сының бірегей архивінде тұр. Бір бөлігі тапсырыс берушілерге - еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қорғаныс министрлігіне, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне және басқаларға берілді. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш ап­параттары ел аумағына қатысты жедел мониторингтік ақпарат алудағы, сондай-ақ экономика салаларының, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігінің және ұлттық қауіпсіздіктің міндеттерін шешу үшін Жерді қашықтықтан зондтау деректерін алудағы Қазақ­станның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді» деп мәлімдейді Аэро­ғарыш комитеті. Жалпы, ғарыштық түсірілімдер өте қымбат тұрады және мұндай әрбір сурет құны бірнеше мың доллармен бағаланады. Бұрындары Қазақстан шетелден осындай өнімге тапсырыс беру үшін қыруар қаржы жұмсайтын. Қазір ол ресурстар өз бюд­жетімізде қалуда. Мемлекет ЖҚЗ спутниктерінен алынған мәліметтерді ормандарға, су объектілеріне, жер қойнауына мемлекеттік мониторинг жүргізу кезінде, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдар­ларын жоюда пайдаланады.