Қаражатты теңгемен сақтау барлық жағынан тиімді
Қаражатты теңгемен сақтау барлық жағынан тиімді
Елбасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты қабылдады. Кездесу барысында Д.Ақышев Мемлекет басшысына Ұлттық банктің қазіргі қызметі, сондай-ақ елдің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндады. Қазақстан Президенті қаражатты қазіргі уақытта ұлттық валютамен сақтау халық үшін тиімді екенін айтты. – Теңге бойынша пайыздық мөлшерлеме жоғары, ал шетел валютасындағы салымдарда ол әлдеқайда төмен. Еліміздегі барлық сатып алу, сату операциялары және еңбекақы төлемдері ұлттық валютамен жүзеге асырылады. Негізгі тауарлардың бағасы тұрақты. Сондықтан қаражатты теңгемен сақтау барлық жағынан тиімді. Халықтың ұлттық валютаға көбірек ден қойғаны маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Д.Ақышев наурыз айында валюта нарығындағы ахуал тұрақталғанын атап өтті. – Мұнай бағасы, сауда серіктестеріміз болып саналатын елдердегі валюта бағамы сияқты пәрменді сыртқы ықпалдар тұрақталды. Осындай жағдайда биылғы ақпан айынан бері теңге нығая бастады, бұл үдеріс осы айда жалғасты. Біз ұлттық валюта бағамындағы ауытқу айтарлықтай төмендегенін және оның 1,6 пайызға нығайғанын байқап отырмыз, – деді Ұлттық банк төрағасы. Сонымен қатар Д.Ақышев салымдарды долларсыздандыру үрдісі басталғанын айтты. – Ел тұрғындары мен кәсіпорындар ұлттық валютадағы салымдарын біртіндеп көбейте бастады. Осы айда бұл үрдіс күрт жеделдеді, – деді Ұлттық банк төрағасы. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.