АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛЫ 593,2 МЫҢ ГЕКТАР АЛҚАПҚА ОРНАЛАСТЫРЫЛАДЫ
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛЫ 593,2 МЫҢ ГЕКТАР АЛҚАПҚА ОРНАЛАСТЫРЫЛАДЫ
Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласын қолдауға барлығы 6,5 миллиард, оның ішінде ел қазынасынан 1,2 миллиард, жергілікті бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлініпті. Бірінші тоқсанға жоспарланған 1936,9 миллион теңге толығымен игерілген. Мұндай деректі өңірлік коммуникация қызметінде республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы» тақырыбында өткен брифингте облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов мәлім етті.
Өткен жылы 587,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылы себілсе, биыл 593,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылын орналастыру жоспарланыпты. Бүгінге дейін 144579 гектар жер жыртылған. 110408 гектарға жаздық масақты дақылдар, 11026 гектарға майлы дақылдар, 9035 гектарға көкөніс, 95 гектарға картоп және 17917 гектар алқапқа көпжылдық шөп тұқымы себіліпті. Көктемгі дала жұмыстарына 2768 трактор, 748 соқа, 569 дән сепкіш, 4032 тырма, 205 қопсытқыш, 56 сыдырғыш, 15 тегістеуіш техникасы жұмылдырылған. Н.Нұржігітов биыл қант қызылшасының көлемін 6,0 мың гектарға жеткізу жоспарланып отырғанына тоқталып, ауыл шаруашылық құрылымдарының айналымдық қаражатының жоқтығын ескере отырып, қант қызылшасына қажетті тұқымды сатып алу үшін облыстық бюджеттен 220 миллион теңге бөлінгенін еске салды. «Орта Азиялық қант корпорациясы» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілген. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге дейін барлығы 6,0 мың гектарға қажетті 9000 cебу бірлігіне корпорацияға өтініш беріліпті. Қант зауыттарынан алынған тұқымның құнына ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен болашақтағы өнімнің есебінен есеп айырылысатын көрінеді. Бұдан бөлек, Меркі ауданында 157,5 және Шу ауданында 316,5 себу бірлігін құрайтын қант қызылшасының тұқымы бар. Техника жетіспейтіндіктен, облыс бюджетінен оны сатып алуға 200 миллион теңге бөлінген. Басқарма басшысы қант қызылшасын өсіруде қолға алынып жатқан басқа да жұмыстарға кеңінен тоқталып, көктемгі егіс-дала жұмыстарының барысы туралы жан-жақты әңгімеледі. Н.Нұржігітов мал шаруашылығы жайлы да кеңінен хабардар етті. Ол журналистерге жағымды жаңалық – облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Беларусь Республикасына жұмыс сапары барысында қол жеткізген ынтымақтастық туралы келісімдер бойынша Шу қаласындағы «Шу локомотив жөндеу зауыты» базасында беларусьтық «Лида-1300» астық ору комбайнын құрастырып, жинау сәуір айында басталатынын жеткізді. Басқарма басшысы журналистер тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауаптар қайтарды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».