Спорт және туризм

Жанталас

Жанталас

Қытайда Бокстан лицензиялық турнир өтіп жатыр

Алып Қытай елінің төрінде өтіп жатқан Азия және мұхит жағалауы елдері арасындағы лицензиялық турнирін қазақстандық былғары қолғап шеберлері сәтті бастады. Ұлы Дала елінің оғландары арасынан алғаш болып рингке көтерілген 19 жастағы Абылайхан Жүсіпов (64 келі салмақта) алдымен үндістан­дық Манож Кумардың мысын басты. Шаршы алаңда атой салған Абылай­ханға қарсыласы еш қайран қыла алған жоқ. Бұдан соң Жүсіпов Азия ойын­дарының күміс жүлдегері оңтүстіккореялық Хунчул Лимді айқын басымдылықпен ұтты. Сонымен қатар, 75 келі салмақ дәрежесіндегі үмітіміз, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да жапониялық боксшы Макото Такахашиді айқын басымдылық­пен жеңіп, мерейімізді үстем етті. Бұл додаға үлкен үмітті арқалап аттанған жамбылдық жампоз, 52 келі салмақтағы үмітіміз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев турнирдің екінші кезеңінде филиппиндік Ролдан Бонкалесті ойсырата ұтып, бүгін кәріс боксшысы Инку Киммен шаршы алаңға шығады. Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, 81 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Әділбек Ниязымбетов те өзінің шын шебер екендігіне әзірге күмән келтірмеді. Оңтүстіккореялық Хегун Янның аптығын алқынбай баса білді. Әзірге ұлттық құраманың жігіттері жеңісті жорықтарын жалғастырып келе жатса, арулар сынында әлем чемпионы, 51 келі салмақтағы мақтанышымыз Назым Қызайбай алғашқы кездесуінде бес дүркін әлем чемпионы, аты аңызға айналған үндістандық былғары қолғап шебері Мари Комға төрешілер­дің екіұшты шешімімен жол берді. Бір төреші Қызайбай­дың басым­дығын байқа­са, қалған екеуі Мари Комды мықты деп тапқан. Ал 75 келідегі Дариға Шакимова алғашқы жекпе-жегінде кәріс қызы Шин Хен Кимнен басым түссе, 60 келідегі Назым Есжанова да қарсыласы тонголық Фифитадан айласын асырды. Бүгін шаршы алаңда жолдама жолындағы шайқаста жоғарыда айтқанымыздай, Олжас Сәттібаевтан бөлек, бұрымдылар сынында Назым Есжанова қытайлық Йин Джинхуамен қолғап түйістірсе, Дариға Шакимова моңғолиялық Эрденетуя Энхбаатармен жұдырықтасады. Ал ерлер додасында аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко жаңазеландиялық Патрик Майлатамен, 75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы қырғызстандық Ильяр Ахметовпен рингке көтеріледі. Біз алаш жұртының үмітін арқалаған жампоздарымыз бен бұрымды боксшыларымызға тек қана жеңіс тілейміз! Кеше ең соңғы болып рингке көтерілген 56 келідегі боксшымыз Қайрат Ералиев тайбейлік Лин Шен Линнен айласын асырып, келесі айналымға шыққаны жайлы ақжолтай хабар келіп жетті. Айтпақшы, «KAZSPORT» телеарнасы 31 наурыздан бастап жартылай финалдық кездесулерді тікелей эфирде көрсететінін естеріңізге сала кетейік.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».