Саясат

Маңызды мәселені орнықты ой, байсалды пікірмен шешкен абзал

Маңызды мәселені орнықты ой, байсалды пікірмен шешкен абзал

Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Бюро отырысының қарауына «Жамбыл облысы мәслихаты хатшысының лауазымы бойынша ұсыныс жасау туралы», «Жамбыл облыстық мәслихаты тұрақты комиссияларының төрағалары бойынша ұсыныс жасау туралы», «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясын құру туралы» және «Партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының басшысы бойынша ұсыныс жасау туралы» мәселелер енгізілді.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік облыстық мәслихат хатшысының лауазымына Бағлан Қарашолақовтың кандидатурасы ұсынылсын деген пікірін білдіріп, ұсыныс бірауыздан қабылданды. Облыстық мәслихат тұрақты комиссияларының төрағалығына – экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Масат Беріктің, агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Бақтияр Алдашовтың, құқықтық тәртіп, мәдени-әлеуметтік салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымдығына Дариякүл Қожамжарованың және кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Дәулетбай Есімбековтің кандидатуралары ұсынылып, қабылданды. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңының 21-2-бабына және «Нұр Отан» партиясы Жарғысының 7.1-бабына сәйкес, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы фракциясын құру туралы ұсыныс та қабылданып, фракция жетекшілігіне Масат Беріктің кандидатурасы бірауыздан бекітілді. Саяси кеңес бюросы күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарап біткен соң, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жиналысы өтті. Жиынды Кәрім Көкірекбаев ашып, сөз сөйледі. – «Нұр Отан» партиясы өткен жексенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және кезекті мәслихаттар сайлауында жарқын жеңіске жетті. Нәтижесінде 82,2 пайыз сайлаушылар даусына ие болған «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісіндегі 107 депутаттық мандаттың 84-іне ие болды. Сондай-ақ, «нұротандықтар» облыстық мәслихаттағы 35 орынның 32-сінде жеңімпаз атанды. Бұл барлық депутаттардың 91,4 пайызын құрап отыр. Бүгінгі депутаттық фракцияның отырысына облыстық мәслихаттың VІ шақырылымының жаңадан сайланған депутаттары қатысуда. Барлықтарыңызды 2016 жылғы 20 наурызда өткен мәслихаттар сайлауындағы жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді. Партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі болып Масат Берік, фракция жетекшісінің орынбасарлығына Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дариякүл Қожамжарова, төралқа құрамына барлығы 7 депутат сайланды. Жиынды қорытындылай келе Кәрім Нәсбекұлы «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының отырысында бірқатар ұйымдастыру шараларының алғышарты жасалғанына назар аударып, фракция мүшелерінің қабылданатын әрбір маңызды шешімге келгенде ойы ортақ, пікірі бір болады деп есептейтіндігін еске салды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабаев.