ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ
ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ
Кеше Парламент Мәжілісінде алтыншы сайланған Парламенттің алғашқы жалпы отырысы өтіп, оған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов төрағалық етті. Мәжіліс депутаттарының жалпы тізімін жария еткен Қ. Тұрғанқұлов Парламент регламентіне сәйкес Мәжіліс төрағасын сайлау рәсімін өткізді. Парламент өкілдерімен бір ғана кандидат ұсынылып, Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов бірауыздан Мәжіліс төрағасы болып сайланды. Бақтықожа Ізмұхамбетов осыған дейін бірнеше жыл Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында әкім, Энергетика және минералды ресурстар министрі қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында Мәжіліс төрағасының орынбасары болған. Депутаттарға жақтап дауыс бергендері үшін алғысын білдірген Мәжіліс спикері: «Елбасының стратегиялық бастамаларын заңнамалық тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі ырғақты және Үкіметпен, бүкіл азаматтық қоғаммен келісілген жұмысымызды одан әрі жалғастыруымыз керек», – дей келіп, алтыншы сайланған Парламенттің Елбасының және халықтың сенімін ақтайтынына сенім білдірді. Одан әрі спикердің ұсынысы бойынша ашық дауыс беру арқылы Мәжіліс депутаттары Владимир Божко мен Гүлмира Исимбаева Мәжіліс төрағасының орынбасарлары болып сайланды. Сондай-ақ Мәжіліс Үкіметке сенім білдіру туралы мәселені қарап, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкіметке сенім білдірді. Үкімет басшысы депутаттарға білдірілген сенім үшін өз алғысын жеткізіп, бірлескен жұмысқа табыс тіледі. Жалпы отырыста Мәжілістің тұрақты комитеттерінің саны мен атауы бекітіліп, спикердің ұсынысымен ашық дауыс беру арқылы комитет төрағалары сайланды. Олар: Аграрлық мәселелер комитеті – Сапархан Омаров, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті – Гүлнәр Иқсанова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті – Нұрлан Әбдіров, Қаржы және бюджет комитеті – Гүлжан Қарақұсова, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті – Мәулен Әшімбаев, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті – Глеб Щегельский, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті – Роман Скляр. Сонымен қатар, осы күні төрағалардың баяндауы бойынша Мәжіліс комитеттерінің құрамы бекітілді. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі.