Мәдениет

Cыр-сымбатымен баураған сахна

Cыр-сымбатымен баураған сахна

жамбыл облыстық қазақ драма театрына – 80 жыл

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде, ұлт та ұлы болмайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Кез-келген елді ерекшелейтін мәдениеті мен әдебиеті, салт-санасы мен тарихы, рухани дүние танымы екені даусыз. «Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» дейді дана халқымыз. Сол сан түрлі өнердің ішінде театр өнері, театр мәдениетінің орны бір төбе. 

Бүгінгі сахна өнері­нің шежіресіне өз үлесін қосып келе жатқан шығарма­шылық ұжым­ның бірі – Жамбыл облыстық қазақ драма театры. «Қара шаңырақ» аталып кеткен бұл театрдың да өзіне тән алғашқы құрылып, ұйымдасуы, сондай-ақ басынан өткерген сан қилы қиыншылықтары мен қол жеткізген табыстары, шығарма­шылық өсу жолдары бар. Сол кәсіби шығарма­шылық ұжымның құрыл­ғанына да сексен жыл уақыт толыпты. Осынау жылдар аралығында театр өзінің тағылымды тарихын жасай білді.1936 жылы 5 қаңтарда Әулиеата (қазіргі Жамбыл) аудандық партия комитеті мен халық депутаттары Кеңесінің атқару комитетінің бас қосқан мәжілісінде колхоз-совхоз театрын ұйымдастыру туралы қаулы қабылданып, сол жылы 16 наурыз күні театр шымылдығы Б. Майлиннің «Келін мен шешей» және К.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір актілі комедияларымен ашылды. Алғашқыда театр труппасы тоғыз өнерпаздан ғана тұрған. Ал 1940 жылы ұжым Жамбыл облыстық драма театры болып қайта құрылды. Бұдан бұрын 1938 жылдары театр ұжымына келіп қосылған М.Жұмағұлов, Қ.Қасымбеков, Ә.Абланов, К.Кірғабақов, Ы.Жарболов, Х.Нарбутин, А.Сапарбеков соғыс жылдарының басында келген К.Сәкиев өздерінің актерлік шеберліктерін шыңдауға белсене бет бұрады. 

Бұдан кейінгі жылдары театрдың репертуарында М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Амангелді» пьесаларының көрінуі театр ұжымының өсуін, күрделі сахналық өнерді меңгеруге бет алғанын дәлелдейді. Театр тек қала көрермендерімен шектеліп қалмай, таңдаулы деген спектакльдерін аудан, колхоз аралай жүріп көрсетеді. Сөйтіп, облыс еңбекшілеріне мәдени қызмет еткен олар халық сүйіспеншілігіне бөленеді. Театр қаһарлы соғыс жылдарында да өз жұмысын тоқтатқан емес. Театрмен бірге ұзақ жасасқан Ш.Сәкиев, Е.Ыбыраев, Г.Батырғалиева, М.Ерғалиев, А.Ружевалар шын талант, өнер иелері болатын. Осылардың өкшесін басқан А.Ниязбекова, Қ.Қайсабаев, М.Салықов, О.Әбділмановтар театрдың күші, жетекші әртістері бола білді. Театр ұжымының шығармашылық деңгейін көтеруге А.Оңалбаев, Р.Шарафутдинова, А.Тоқпанов, М.Байсеркенов, Ж.Омаров, А.Сәлімбаев, Е.Оразымбетов, Ә.Құлданов, Қ.Қасымов сынды бас режиссерлер әр жылдарда зор үлес қосып, өздерінің шығармашылық қарымдарын көрсетті. Осылардың арасында 1972-76-жылдарда театрдың көркемдік жағын жемісті басқарған Қазақстанның халық әртісі, профессор Маман Байсеркеновтің шығармашылық ізденістері ерекше болды. М.Шолоховтың «Тынық Дон» атты екі бөлімді психологиялық драмасын аса сапалы етіп, эпопеялық нұсқада сахнаға сәтті қоя білген ізденгіш режиссер қолтаңбасы қазақ көрермендерін эстетикалық қуанышқа бөледі. «Түлен түрткен тіленші», «Қазақ солдаты», «Қайдасың, Зарина?», «Көктөбедегі кездесу», «Аңсаған менің әнімсің» атты пьесаларды әсерлі сахналап, зор шабыт биігінен көрінген М.Байсеркеновтің ойлы, мазмұнды, мағыналы қиял-толғаулары қазақ театр тарихының шежірелі шоқтығын белгілі бір биікке көтере түсті. Оннан астам көркем қойылымдардың кестелі галереясын жасап үлгерген режиссер тындырымдылығы оның Алматы театрларының сахналарынан көрінуіне даңғыл жол ашты. Ол бір тегеурінді толқын жас актерлер тобын тәрбиелеп өсірді. Г.Өскенбаева, Ә.Дүйсекенова, М.Рахымжанова, Н.Салықова, М.Әлімбетова, Ж.Әйтпембетов, М.Бақытжанов, Т.Жүршиев, М.Райсханова, Г.Қыпшақова, А.Сәтібеков, Ж.Әлімбеков, марқұмдар Қ.Сатқанбаев, С.Мұқышев, Ү.Әлжанов, К.Бейсенбаев, Ш.Жәменкеева сынды тағы басқа сахна иелерінің есімдері бұл күнде республикамызға кеңінен таныс. Осы секілді үнемі өсіп өркендеу жолында талай жылдарды шегеріп келе жатқан қара шаңырақтың бүгінгі құрылымы да өз деңгейін сақтап келеді. А.Сағымбекова, М.Ақүрпеков, М.Құсайынов, М.Қожалиев, Ж.Қамбатыров секілді көптеген жас талантты актерлермен толыққан театрда ойлы шығармалар сахналанып, көрермендердің көзайымына айналуда. Әрбір театрдың тарихи жағынан қалыптасып дамуы, болашаққа қадам басуы, өсіп-өркендеуі, халықтың өмір-тұрмысымен, салт-санасымен, тағылымды тарихымен және ішкі мәдениетімен тығыз байланысты. Осы тұрғыда 80 жылдық тарихы бар облыстық театр ұжымының өнері де қоғамдық ой-сананың шарықтау шегі мен адами дүниетанымның жемісі бола бергей демекпіз.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».