Экономика

Қытаймен келіссөздер қорытындысында Қазақстанға қосымша 10 миллиард доллардан астам қаржы түседі

Қытаймен келіссөздер қорытындысында Қазақстанға қосымша 10 миллиард доллардан астам қаржы түседі

  Шанхайда өткен Қазақстан мен Қытай басшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша ҚР экономикасына қосымша 10 млрд. доллар түсуі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай қаласында «Дунцзяо» мемлекеттік резиденциясындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

   «Қазақстанға бағытталатын инвестициялардың жалпы көлемі 10 млрд. доллардан асады және біздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламамыз ұлы көршіміз - Қытай Халық Республикасы тарапынан жаңа тыныс, жаңа қолдау алады. Мұның бәрі Қазақстан экономикасын дамытуға және халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істейді», - деді ол.

   Президент қол жеткізілген уағдаластықтардың Қазақстан үшін қандай мәнге ие болатыны жөнінде қысқаша әңгімелеп берді. Оның айтуынша, түрлі салаларда барлығы 26 келісімге қол қойылды. Олардың негізгі бөлігі бизнеске қатысты. «Бұл сапарға бұрыннан дайындалдық және біз үшін ол өте маңызды болды», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

   «Барлық уағдаластықтар, әсіресе, өңдеуші өнеркәсіп саласында бірлескен өндірістер құру мақсатын көздейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерін қамтиды десек болады. Мәселен, ауыл шаруашылығына глифосат секілді гербицид өте қажет. Біз қазір оны Таразда жасаймыз. Қытай Халық Республикасы өз қаражаты арқылы бізге осы ауқымды жобаны жүзеге асыруға көмектесіп отыр. Алматы облысында мұнай-газ өнеркәсібі үшін құбырлар салуға көмектеседі», - деді Н.Назарбаев.

   Оның айтуынша, «Қостанай облысында Торғай кенішіндегі көмірмен жұмыс жасайтын жылу-электр стансасын салу мәселесі жан-жақты пысықталған». «Қарағандыда көмірді өңдеу, одан газ, бензин, дизель отынын және карбомид алу жөнінде маңызды инновациялық компания жұмыс жасайтын болады. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында азот тыңайтқыштарын шығару көзделуде. Бұлар да өте маңызды ғылымды және капиталды қажетсінетін өте маңызды өндіріс. Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға қатысады. Қазақстаннан газ бен мұнайды жеткізуді ұлғайта түсу үшін жұмыс жасайтын боламыз», - деп атап өтті Елбасы.

   ҚР Президенті Қытай мен Қазақстаннан Еуропаға бастапқы қуаты 3 млн. тоннаға дейін - бұл 250 мың контейнер, және болашақта бұл қуатты 2 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін Ляньюньган тынықмұхиттық қытай портында қазақстандық терминал ашылуы өте маңызды оқиға болды деп атап кетті. "Яғни Қазақстанның транзиттік әлеуеті барынша пайдаланылатын болады", - деді Мемлекет басшысы.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz