Саясат

Шанхайда ҚР Президентінің қатысуымен АӨСШК-нің 4-саммиті ашылды

Шанхайда ҚР Президентінің қатысуымен АӨСШК-нің 4-саммиті ашылды

   Бүгін Астана уақыты бойынша таңғы сағат 8-де Шанхайда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) 4-ші саммиті өз жұмысын бастады.

  Шараға шетел мемлекеттерінің 11 басшысы, 1 үкімет басшысы және 10 халықаралық ұйым жетекшілері қатысуда. Шетелден келген делегаттар саны – 46.

  Саммитке қатысу үшін Шанхайға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Пәкістан, Қырғызстан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Шри-Ланка басшылары және Камбоджа премьер-министрі, сонымен бірге БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун келді. Түркия Президенті Абдулла Гүл шахтадағы кеншілердің қаза болуына байланысты келген жоқ. Саммитке Түркияның атынан елдің Сыртқы істер министрі қатысады.

  Кеше саммит аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Иран Президенті Хасан Роухани Қытайға мемлекеттік сапар жасады.

   Кеше кешке АӨСШК саммитінің ашылу салтанаты қарсаңында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин және оның жары Пэн Лиюаньнің атынан ресми қабылдау ұйымдастырылды. Содан кейін «Біріккен және үндескен Азия» атты концерт берілді.

    Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі туралы алғашқы бастаманы БҰҰ трибунасынан 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын.

  Бүгіндері аталған форум Азия аумағы мен халқының 90 пайызын қамтитын 26 мүше-мемлекетті біріктіруде. 8 ел мен 4 халықаралық ұйым, оның ішінде БҰҰ, бақылаушылар мәртебесіне ие.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz