Мәдениет

«Наурыз-думан» шырқалмай, тойдың сәні келер ме?

«Наурыз-думан» шырқалмай, тойдың сәні келер ме?

ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі сазгер Талғат Сарыбаев жайлы мөлтек сыр

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Ол алпыс деген асқаралы жасына жетпей дүниеден озды. Бірақ оның әні әрдайым халықпен бірге. Әсіресе, күміс көмей белгілі әнші Роза Рымбаева желпіндіре салатын «Наурыз-думан» әнінің жөні бөлек. Ақын Мұқағали сөзін жазған жырға жарасар ән де осындай екпінмен, осындай көтеріңкі көңіл күймен шырқалса керек қой. Халқының рухани қазынасы үшін ғажайып әнді дүниеге әкелген Талғаттың әкесі Болат та көне музыкалық аспаптарды халқымен қайта қауыштырған бірегей тұлғалардың бірі болған. «Әке көрген оқ жонар». Қолына ұстауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін шаңқобыз, жетіген сияқты сирек музыкалық аспаптарда ойнауға тәуекел еткен алғашқылардың бірі де Талғат болатын. Әке тәрбиесі, әке тәлімі, әке өсиеті, әке ғибраты шығар, алаштың атын асқақтатқан «Арай», «Жетіген», «Гүлдер» вокалды-аспаптық ансамбльдерінің құрылуына себепші болған, міне, осы Талғат атты талант еді. Соның арқасында, ескіліктің сарқыншағы ретінде қазақ эстрадасы репертуарларынан әлдеқашан «сызылып» тасталған «Маусымжан», «Бір бала», «Керімай», «Арман-ай» сияқты халық әндерін заманауи бояумен әрлеп, уақытпен үндестіре, жаңаша көркемдеген еңбегі де елеуге тұралық болатын. Әрі-беріден соң, бүгінде сахна саңлағына айналған талай дарынның тұсауын кесіп, көрермендердің көзайымына айналдырған да Талғат қой. Өнер өрінің әр қиясына құлаш сермеп, «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Человек-олень» фильмдеріне музыка да жазып тастады. Сахналар мен радиолардан саңқылдай естіліп жататын «Өткен күндер», «Қоштасу», «Все для тебя», «Біз бірге боламыз», «Менің досым», «Отандастар», «Сенімен біргемін», «Старый телефон», «Гавань моей любви» деген әндерімен бірге жұртты бір серпілтіп, бір желпіндіріп тастайтын «Наурыз-думан» әнінің авторы да Талғат екенін бұдан былай біліп жүрсеңіздер екен дейміз де. Жезтаңдай әншілігіне жезкиіктей еркелігі жарасқан Роза Рымбаеваның әуелете салған «Наурыз-думан» атты әнінсіз, мысалы, Наурыз мерекесінің сәні келмейтіні белгілі. Бүгінде бұл әнді ыңылдамайтын қазақ жоқ десе де болады.

Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда. Сақталушы еді сыбаға, Сапарға кеткен ұлдарға, Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз, күн игі! Күні игі жердің - түрі игі. Бауыры жылып науат-қар, Бабымен ғана жібиді. Шашылып ырыс шанақтан, Шақырып бір үй бір үйді, Шаттанушы еді бір игі.

Осынау игі кең жерге, Наурыз айы келгенде, Наурыз тойын бергенде, Көрмегендер де - арманда, Арманда - оны көрген де. Келіп ем өмір - орманға, Наурыз айы келгенде.

Міне, ширек ғасыр болды осы әнді де, әннің сөзін де «ескірді» деп айтатын мықты әлі шыққан жоқ. Арада тағы жиырма бес, елу, жүз жыл өтер, бірақ әсем әнді жоққа шығаратын ондай мықты ол кезде де дүниеге келмесі белгілі. Өйткені, «Наурыз-думан» - ақынын да, композиторын да, әншісін де тапқан тамаша туынды. Ал ондай туынды қай ғасыр, қай заманда да халықтың төл шығармасына айналып кете барады. Елімен бірге мәңгі жасай береді. Кейде «осындай аса талантты адамдар өмірден неге ерте өтеді екен?» деп өкіне ойлайсың. Әлде жан досының қазасы жанына батты ма? Оған арнап ән де жазып еді ғой. Бәлкім, бейкүнә қызы Әйгерімнен айырылу жүрегіне салмақ түсірген шығар? Әйтеуір, жазылмас дертке шалдығуы тегін емес дейсің ыза-күйіктен ерніңнің қанын шығара тістелеп тұрып. Қалай десек те, Талғат нағыз өнер адамы еді. Өзі таңдаған кәсіпті де шексіз сүйе білді. Сондықтан да болар, оның әрбір шығармасы «Наурыз-думан» сияқты мәңгілік.