Әлеумет

Кәрі жіліктің қасиеті

Кәрі жіліктің қасиеті

Біздің жыл санауымыздан 1200 жыл бұрын Ойсүнге хандығын құрушы Ойсүн бірде ел ақсақалдарын жиып: – Мен Сыр бойындағы нағашыларыма сапар шегемін. Қасыма ешкімді ерітпеймін. Жолда қарақшылар бар. Сондықтан нөкерлерімнің обалына қалғым келмейді, – дейді. Хан құзырына кім қарсы болсын. Тек келіні ғана күйеуіне кілем қоржындарды көтертіп әкеліп, атасының арғымағына теңдетеді де: – Бұл қоржынға тие көрмеңіз, келген соң өзім шешіп аламын, – деп тілек білдіреді. Сонымен хан жолға шығады. Қарақшылар мекенінен аман-есен өтіп, ел шетіне ілінгенде тағаты жетпей, қоржындардың аузын сөгеді. Сөйтсе таза мүжілген кәрі жіліктерден басқа ештеме жоқ екен. Хан келініне ашуланып, жіліктерді жерге төгіп, атына мінеді. Бір қырды аса бергенде қырық қарақшы қоршап алады. – Мал керек пе, жан керек пе? – дейді басшылары гүжілдеп. – Ауылда келінім мен балам ғана қалды. Соларға менің сәлемімді жеткізіңдер. Есік алдындағы екі бәйтеректің алтынын кесіп сендерге берсін де, күмісін қалдырсын. Кебежемде алтын сақам бар соны берсін, алтын кездігім қалсын. Малымның басы – алты ақбас атаным мен жетпіс буыршынымды берсін. Қалғанын өздері білсін, – дейді хан. Хан сәлемін жеткізген екі қарақшыны келіні сыр білдірмей қонақ етеді. «Атамның айтқандарын көп кешіктірмей әзір қыламын», – деп сендіреді. Ал өзі астыртын әкесіне хабар жіберіп, елді ұйымдастырып, қарақшыларды байлатады. «Балам, бұл істің мән-жайын түсіндірші», – деген әке сауалына: – Атам қателік қылып, жау қолына түсіпті, – деп жауап береді қызы. – «Алтын бәйтеректі кесіп берсін, күмісі қалсын» дегені екі қарақшының дәуқарасын өлтіріп, екіншісін жолбасшы етіп алыңдар дегені еді. Ал «алты ақбас атанымды, жетпіс буыршынымды берсін» дегені, алты ақсақал, жетпіс жігітті ертіп келсін, «алтын сақамды берсін» дегені оларды балам басқарсын дегені, «алтын кездігім қалсын» дегені келінім мал-жайға бас-көз болсын дегені еді. Ханның баласы алты ақсақалды бас қылып жетпіс жігітпен барып, қарақшыларды түгел қолға түсіреді. – Сендер мені неге елсізде емес, ел шетіне ілінгенде ұстадыңдар, – деп сұрайды Ойсүн қарақшылардың бастығынан. – Біз сені елсізде көрдік, – дейді ол. – Бірақ қасыңдағы төрт дәуден сескендік. Ел шетіне жеткенде сен батырларыңды қайтардың. Міне, біз сонда ғана бас салдық. Қарақшылардың дәу деп отырғандары төрт жілік екенін сезген хан келінінің даналығына разы болыпты. Содан бері халық кәрі жілікті «киелі» деп құрмет тұта бастаса керек. Батырлардың қанжығасына кәрі жілікті ес қылып бөктеру, көшкенде итке тастамай жер ошаққа көміп кету, наурызкөжеге басқа сүйек салмай, тек кәрі жілікті салу содан қалған деседі.