Мәдениет

Көшенің көркін ашқан киіз үйлер

Көшенің көркін ашқан киіз үйлер

қала қонақтарының көз жауын алды

IMG_8961Ұлыстың ұлы күні Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесі думанға бөленді. Мұнда жиырмаға жуық ақшаңқан қазақы киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Ұлттық киім киген көпшіліктің көңілі көтеріңкі, жүздері шаттыққа толы болды. 

Облыс әкімі К.Көкірекбаев алдымен «Достық үйі» алдына Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы мен облыс әкімдігі «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп дайындаған ұлт өкілдерінің өнерін тамашалады. Облыс әкімдігі «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева өңір басшысына түрлі ұлт өкілдерінің мерекелік көңіл күйін қысқаша жеткізді. Бұл ретте кәріс, өзбек, түрікмен, қырғыз, қазақ халқының өкілдері түрлі салт-дәстүрлерін көрсетсе, поляк, еврей ұлтының өкілдері де қалыспады. Бұл шара өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдерінің достығын, бірлігін, бір шаңырақ астында айрандай ұйып отырғанын көрсетті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев киіз үйлер қалашығын аралап, жиналған көпшілікпен емен-жарқын сөйлесіп, ақжарма ақ тілегін арнады. Облыс басшысы алдында республикалық жасөспірімдер айтысының бас жүлдегері, ТарМПИ-дің студенті Дидар Апбасов үкілі домбырамен арнау айтып, ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауының қорытындысымен қатар келген әз Наурыз тойына деген көңіл күйін өлеңмен өрнектеді. Кәрім Көкірекбаев наурызкөжеден дәм татып, игі тілегін білдірді. – Қадірлі көпшілік! Біз бүгін жыл басы Наурызды қарсы алып отырмыз. Мұндағы мол дастарқан, бір-біріне наурызкөже ұсынған кең пейілді жұртты көріп, дағдарыстың біздің елімізден алыс екенін байқадық. Елбасымыздың ерен саясатымен өркендеген мемлекетіміз кеше ғана саяси науқан сайлауды өткізіп, тағы бір белсенділігін дәлелдеді. Біздің облыс бұл саяси науқанда белсенділік көрсетті. Өңірде өркендеген әрбір істе қарапайым көпшіліктің мол үлесі бар. Мен осы Наурыз мерекесіне дайындалған, киіз үй тігіп, мол дастарқан жайған барлық ұжымдарға ризашылық білдіремін. Облыстағы әр шаңыраққа аманшылық, береке, бақ тілеймін. Келесі Наурыздарға аман-есен жете берейік. Әр үйде ақ мол болсын! – деді облыс басшысы. Мұнда облыстық филармония әншісі Қарлығаш Жанбаева, «Сағыныш» тобы өнер көрсетті. Түрлі ұлт өкілдері қазақтың қоңыр домбырасымен тартылған күй күмбіріне билеп, татулық пен достықтың ғажайып үлгісін көрсетті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев көпшілікке қазақтың жоралғы-жолымен бата берді. Сондай-ақ, өлкеміздегі бұл Наурызды Финляндиядан келген халықаралық байқаушы Эмима Мерекиес, белгілі биші Шұғыла Сапарғалиқызы көпшілікпен бірге тамашалап, тараздықтардың ақжарма, қонақжай көңіліне өте риза болды. Жамбыл медициналық колледжінің ұжымы шынайы тұсаукесер рәсімін жасады. Кішкентай сәби Дарын Даниялдың тұсауын облыс әкімдігі денсаулық басқармасының басшысы Ерлан Масалимов кесіп, нәрестенің болашағына бақыт тіледі. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті ұйымдастырған спорттық ойындар да көпшіліктің назарын аударды. Тоғызқұмалақ ойыны бойынша Тараздағы №56 орта мектеп оқушысы Аяулым Мұрабекова жеңімпаз атанды. Кір тасын көтеруде байзақтық Самат Баймамыров 16 келілік кір тасын 80 рет аспанға атып, жеңімпаз атанды. Асық ату ойынында №53 орта мектептің оқушысы Диас Айтбеков мергендігімен көзге түсіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Ересектер арасында өткен дойбы бәсекесінде ТарМПИ-дің доценті Аман Малдыбаев жеңімпаз атанды. Бұл күні барлық киіз үйлерде наурызкөже келушілерге ұсынылды. Көпшілік бір-бірімен арқа-жарқа амандасып, риясыз көңілдерін сездірді. Наурыздан-наурызға аман жетейік деген ақ ниеттерін білдірді. Әр киіз үйдің жанында ән айтылып, күй күмбірледі. Түрлі көріністер қойылып, ұлттық дәстүрлерден қойылымдар көрсетілді. Осылайша, барлық көпшілікті ақ ниет, ізгі пейіл, жылы сырласуға жетелеген Ұлыс күнінің ғажайып думаны кешке дейін толассыз жалғасып жатты.

Есет Досалы, «Ақ жол».