Әлеумет

Көшет деген күтімі болмаса, көктемейді

Көшет деген күтімі болмаса, көктемейді

Әлем халқы алдында тұрған ортақ мәселе көп. Солардың бірі – жаһандық жылынуға тосқауыл қою. Биыл қыста бұқаралық ақпарат құралдары Солтүстік мұзды мұхитта температура +1 градусқа көтерілгені туралы үлкен алаңдаушылықпен жазды. Антарктидадағы температура да көтеріліп келеді. Кейінгі кезде ауа райы үлкен өзгеріске ұшырады. Жаһандық жылыну үдерісін тоқтатудың жолдары қандай? Көзі қарақты азаматтар мен ғалымдар бұл туралы түрлі ұсыныстарды алға тартуда. Бірқатар ғалымдар оны жер бетінде жасыл желекті қалпына келтіру арқылы ауыздықтауға болатынын айтуда. Бұл негізсіз емес. Тарихқа үңілсек, адам ес біліп, етек жапқан кезде жер бетінде тұтас орман-тоғай жайқалып тұрған екен. Бұрын жер бетінде 8 миллиард гектарға жуық орман қоры болған. Кейінгі кезде әлемде Жер-ананың өкпесі болып табылатын оның ауқымы тарылып келеді. Халықаралық қордың мәліметі бойынша жыл сайын дүниежүзінде халық шаруашылығының қажеттілігі үшін ғана 20 миллион гектардан астам жасыл желек оталады. 

Ал кездейсоқ және қасақана өрттен күлге айналып жатқан орман-тоғайлар қаншама? Соңғы мәліметке қарағанда, қазір жер бетінде 3 миллиард гектарға жуық орман қоры қалған. Мұның өзі барлық мемлекеттердегі көзі ашық, көңілі ояу азаматтарды қатты алаңдатуда. Ағаштарды көптеп өсірудің жолдары қарастырылуда. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орынды алатын кең-байтақ Қазақстанда орман қоры небәрі 4-ақ пайызды құрайды. Тал-дарақтың жердің, елді мекендердің көркі болуымен қатар, тіршіліктегі тепе-теңдікті қалыпты жағдайда ұстап тұруға ықпал әсері мол екені айтпаса да түсінікті. Халқымыз ол туралы: «Жасыл желек – өлке көркі», «Бір ағаш кессең – он тал ек» және «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп текке айтпаса керек. Шөлдегі және таудағы ормандар топырақты жел мен су эрозиясынан қорғайды. Құмдардың жылжуына тосқауыл болады, топырақтың ылғалдылығын арттырып, оның өнімін молайтады. Ормандағы жайылымдықтар мал шаруашылығының дамуына қолайлы жағдай туғызады. Ол – аса бағалы құрылыс материалы. Көгеріш атаулы – зиянды улы заттарды бойларына сіңіріп, оттегіні молайтып, ауаны ретке келтіретін сүзгі. Соңғы кезде оны әлемде, әсіресе, халық көп шоғырланған жерде табиғи сүзгі ретінде көптеп өсіруге күш салады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен елімізде орман қорын молайту, елді мекендерді көгеріштендіру мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мемлекеттік «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде облысымызда жасыл желек алқабының аумағы мыңдаған гектарға ұлғайтылды. Бағдарламаға сәйкес орман қорын молайту мақсатында облыста 2008-2010 жылдары 76,3 миллион теңге бөлініп, 22490 гектар жерге ағаш көшеттері мен сексеуіл тұқымы себілді. 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік «Жасыл даму» бағдарламасы аясында бөлінген 141 миллион теңгеге 26 мың гектар аумақта көшеттер егілді. Жоғарыда бөлінген қаражаттың бір бөлігіне облыстағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері біраз техника сатып алып, материалдық-техникалық базасын жақсартты. Талас ауданындағы Бозарық ауылының маңында құм көшкінін тоқтату мақсатында бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп, 70 гектар жерге шөлге төзімді сексеуіл, қарағаш және жүзген тұқымдары себілді. Олар жайқалып өсіп келеді. – Игілікті шара жоғарыдағы шаруалар-мен шектеліп қалған жоқ. Облысымызда 2016-2017 жылдары елді мекендерде жасыл белдеулер жасаудың іс-шаралар жоспары жасалған. Ол бойынша алдағы екі жылда Тараз қаласы, Жамбыл және Байзақ аудандарында 400 гектар алқапта «Жасыл аймақ» жасалады. Бұл мақсатқа 85 миллион теңге қарастырылады. Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов және Шу аудандарындағы елді мекендердегі білім, денсаулық сақтау мекемелері, көшелер мен саябақтар және автокөлік жолдары жағалауында 1056 гектар жерде «Жасыл белдеулер» орналастырылатын болады. Бұл мақсатқа 225 миллион теңге жұмсалады, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов. 1980 жылдардың басында Жуалы ауданының бірқатар азаматтары 5-10 гектар аумақта ағаш өсіруді игі дәстүрге айналдырған болатын. Жақсы күтім көріп, көкпен таласа өскен теректер 10-15 жылдан кейін иелеріне үлкен пайда әкелді. Құрылыс материалы үшін аса қажетті оны облыс аумағы ғана емес, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да аттай қалап әкетті. Бүгінде облыс әкімінің орынбасары қызметіндегі Абдалы Нұралиев Байзақ және Т.Рысқұлов аудандарында әкім болып жүрген кезде аудан орталықтарының қасындағы атшаптырым аумақтарда алуан сәндік ағаштар егілген саябақтар жасауға бастамашы болды. Қазір олар өсіп-жетіліп, жердің көркіне, елдің мақтанышы мен игілігіне айналуда. Жуалы ауданындағы Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Гүлбибі Ергебекова мұғалімдер мен оқушыларды жұмылдырып, білім ордасының айналасына 10 мың түп терек, қараағаш және алуан сәндік ағаш көшеттерін отырғызған болатын. Олар шаншылған шыбықтарды тұрақты күтімге алып, сыртын қоршады. Жазда суарып, күзде бұтап, ерекше қамқорлық көрсетті. Соның нәтижесінде қазір тақыр жерде кішігірім ну орман жайқалып тұр. Облысымыздың аумағындағы елді мекендерде жыл сайын көктемде және сенбілік күндерінде мыңдаған шыбықтар шаншылады. Көп адам шаруаны осымен біттіге санайды. Олар көп ұзамай қурап қалады, көктеген көшеттерді мал таптап, сындырып тастайды. Мұндай көзбояушылық кімге керек? Күтпесе көшеттер көктемейді. Бұған жоғарыдағы азаматтардың игі істері айқын дәлел.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».