Әлеумет

Шіркін, «Бақ-берекенің» шұбаты-ай!

Шіркін, «Бақ-берекенің» шұбаты-ай!

Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылына жақындағанда маң-маң басқан маң басқан, шудаларын шаң басқан ойсылқара тұқымдарын көзіміз шалды. Бұл – аталған елді мекеннен шамамен 10-15 шақырым шалғайдағы көктеуде отырған «Бақ-береке» шаруа қожалығының түйелері екен. 

Қазіргі таңда бұл қожалықтағы 80 бас түйенің алды боталай бастады. Түйешінің қорасынан 5-6 ботаны көзіміз шалды. Шаруа қожалықты жас жігіт Нұржан Дәулетов басқарады. Әкесі Жеткерген Құлжабаев ақсақал өмірінің 60 жылын мал шаруашылығына (оның ішінде 40 жылын түйе өсіруге) арнаған екен. Сексен жастың ауылына жақындаған қарияны түйелі ауылдан кездестірдік. «Түйені бағу үшін оның күтімінен, мінезінен хабарың болуы тиіс. Ойсылқара тұқымы жерге қарайды. Ащы шөптерді жейді. Түйе ботасын он екі ай бойы көтереді, екі жылда бір төлдейді. Боталайтын мезгілі жақындағанда бошалайтыны бар. Ондайда 30-40 шақырым қашыққа дейін кете береді. Күтімін жасасаң, ойсылқара тұқымында береке мол. Шұбаты денсаулыққа өте пайдалы сусын. Ата кәсіпті ұлым мен келінім жалғап отыр», – дейді түйе өсіруге қырық жылын арнаған, дала академигі атанған қария. – Наурыздың қарсаңында келіп қалыпсыңдар. Еліміз бақ-берекелі, мерекелі болсын. Сауынның барлық жағдайын қыздарыма, келіндеріме үйреттім. Өзім 17 құрсақ көтердім, 12 ұл-қызым аман-есен. Олардан өрбіген немере-шөбере де өсіп-өніп жатыр. Құдай көпсінбесін. Наурыз айы басталғалы бері ұрпақтарымыз бірінен кейін бірі келіп біздерді құттықтап жатыр. Біздің әулет үшін қазақтың жаңа жылы Наурыз айының басынан басталады. Апта сайын наурызкөже пісіріп таратамыз. Ал 22 Наурыз күні мүмкіндігінше ұл-қыз, немере-шөбере, ағайын-туыс жиналып, өзімізге ынтымақ, татулық дастарқанын жаямыз, – дейді қарт түйешінің асыл жары, «Алтын алқа» иегері Шұға әжей. «Бақ-береке» қожалығының шұбаты көпке таныс. Күніне 100 литр шұбат өндіріп, берісі Сарыкемер, арысы Тараздың той-томалақтарына өткеріп жатады. Қаймақтай дәмді қымыранды ішкендер «Шіркін, «Бақ-берекенің» шұбаты-ай» деседі.

IMG_5402