Мәдениет

Ізгілік пен жақсылықтың мейрамы

Ізгілік пен жақсылықтың мейрамы

Құрметті облыс тұрғындары! Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық Қазақстан халқы үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды. Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні жер бетіндегі қанды соғыстар, дау-жанжалдар тоқтатылып, адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген. Жалпы тепе-теңдік, ізгілік пен жаңару үйлесім тапқанда ғана құт қонып, береке орнайды. Сондықтан да, Наурыз табиғат пен қоғамның, адам мен адамның, ел мен елдің арақатынасындағы тепе-теңдік заңын сақтайтын бастау бұлақтар мен таланттардың қайнар көздерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын сән-салтанатты, мәнді де сәнді және мағыналы мереке. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін. Ақтың молаятын, күннің ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын кезеңі – Наурыз мерекесі құтты болсын. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Наурыз – достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмайды. Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Еліміз тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын! Облыстық мәслихаттың хатшысы Б. Қарашолақов.