Самарқанның көк тасы еріген күн
Самарқанның көк тасы еріген күн
Шамамен төрт мың жылдай уақыттан бері қалыптасып, Шығыс халықтарының талайының-ақ санасына әбден сіңісті болған түсінік бойынша әз Наурыз – күн мен түн теңелетін, жер-жаһан қайта түлеп, жан-жануарлар төлдеп, адамның аузы аққа тиетін, адал, ақ ниетті қауымдарға құт-береке әкеліп, ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуге тиіс, мына жарық дүниедегі адамзатқа тиесілі, пешенесіне жазылған мерзімнің кезекті жаңа жылы басталатын күн. Жер-ананың өн бойын босатып, бусантып, ондағы тіршілік атаулыны дүр еткізе жаңа белге көтергелі келетін ұлық мереке – Ұлыстың ұлы күні әлемнің талай-талай ұлт-ұлысына, оның ішінде, әсіресе өзіміздің түбі түркі бауырларымызға, көршілес, діндес парсы тұқымдас халықтарға ежелден ортақ, етене.
Аласапыранға айқара есік ашқан өткен ғасырдың алғашқы ширегінде әлемнің алтыдан бір бөлігінде аты шулы қызыл империя орнап, ол күшіне міне бастаған сәттен құдайсыздандыру процесі қауырт жүріп бергені тарихтан белгілі. Сол сүргінде дінді ұстанушылардың иманы бір уыс етілумен қатар, дінге қатысы жоқ талайғы салт-дәстүрлерге де топалаң тигендей болған. Наурыз да көп құрбандықтың бірі болып кете барған. Әйтсе де, адамзаттық, халықтық сананы абақтыға отырғыза алмайсың. Оған ғасырлар бойына мықтап сіңген ұғымдарды да ешбір желдеткішпен үрлеп ұшырып жіберу мүмкін емес. Наурызға деген жұрттар жүрегіндегі ыстық ықылас-ынта да зобалаңдардың зорына дес бере қоймайтындай өте өміршең болып шықты. Өкіметтің өктемдігіне қарамастан, әз мерекені әз ата-аналарымыз аса дабыра-думансыз күйде болса да абайлап атап өтіп жататын. Оның шет-жағасын бүгінде аға ұрпақ санатына қосылған мына біз де көріп қалғанбыз.
Қандай да замандарда аздап әділет болмаса мына дүние дүние болып оңдырушы ма еді. Сондай бір жылт еткен әлсіз әділет арқасында, 1926 жылы ресми түрде тыйым салынған Наурыз мерекесі қазақ зиялыларының күресімен 1988 жылы елімізге жарқырап қайта келді!.. Онан бұрын сонау күндердің өзінде-ақ Наурызға байланысты айтылатын көп-көп аталы сөздер көңілге ұялаған-ды. Ұлтымыздың тілінде «Жер бетіне жақсылық қонған күн», «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн», «Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иген күн», деген тәрізді оралым-тіркестер аса мол. Олардың астарында теңіздей толқыған ойлар жатыр. Егер соған шамалы үңіліп көрер болсақ, осы мерекеде адамзат пендешіліктен ада-күде арылып, бірі-біріне мейірім нұрын себеді. «Ұлыс күні алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Таспен атқанды аспен ат» сияқты сөздерді қаперінен шығармаған елдің естияр үлкендері араздасқан ағайынды, туған-туыс, құда-жекжат, дос-жаранды татуластырып, арқа-жарқа боп отырған. Сол арқылы да Наурызды ынтымақтың, ізгіліктің, мейірбандықтың, кешірімділіктің салтанат құрар мерекесі деп ауыз толтырып айтуға философиялық жеткілікті негіз қаланған. Атақты Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурыз» деген екен. Бәлкім, ғұламаның мұнысы дұрыс та шығар. Ал Наурызды мыңдаған жылдар арасын үзбей мерекелеп келе жатқан екі тектік, ұлттық топ бар. Олар парсы және түркі тұқымдастар. Парсылық Наурызға негізінен мерекенің думандық сипаты тән болса, түркілік Наурызға оның танымдық, рухани мәні өзек болған көрінеді. Ал енді ұлық мерекенің «Ұлыстың ұлы күні» деп аталу себебі бағзыдан жеткен аңыздарда: «Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының ұшар басына келген кезде жер бетін басқан топан су табанда тартылып, сол сәт жерге табаны тиген барлық тіршілік иелері көктен түскен қазаннан дәм татыпты. Содан бұл күнді – Ұлыстың ұлы күні деп жариялайды» делінеді. Ахмет Байтұрсынұлы Наурыз сөзіне: «Наурыз – парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда «Жаңа күн» деген сөз» деп түсінік берген. Орта Азия халықтары мен біздің қазақ Наурыз мерекесіне «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп өте бейнелі анықтама айтқан. Оның бұлай айтылуының себебі ақын, этнограф, марқұм, Сейіт Кенжеахметовтің деректеріне сүйенсек, мынадай бір аңызға байланысты боп шығады: «Самарқандағы Әмір Темірдің немересі, өз заманының ұлы астрономы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Наурыз күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен...» Аңыз ғой. Рас па, рас емес пе... Қалай болғанда да ілгерідегілер бұл аңыз арқылы Наурыздың Ұлы күніне тас екеш, тас ерігенде адамзатта жібімейтін жүрек болмауы тиіс деген ұғымды кейінгілерге шегелеп тұрып айтқысы келген-ау, сірә... Құдайға шүкір, бүгінде көп замандастарымыз бірі-біріне жылы лебіздерін, игі тілектерін білдіріп, ағаттықтарына түсіністікпен қарап татуласады, оның аяғы ойын-сауық, ән-күйге ұласады. Халықта бұл күнге лайық салт-дәстүрлер де бар әрі әралуан. Олар Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурызкөже, Наурыз батасы деген сияқты боп жалғасып жатады. Наурызға байланысты бұл секілді дәстүрлік рәсімдер қазақ қана емес, онымен туыстас, тағдырлас, діндес Шығыс халықтарының баршасында барлығына және олардың қолданылу аясының жылдан-жылға үздіксіз кеңею үдерісіне сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы арнайы қарар қабылдап, 2010 жылдан бастап 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып белгіленді. Сөйтіп, біздің заманымызда әз Наурыз континенттік қана емес, планеталық мәнге, мәртебеге ие болды! Азамат дүниеге әкелген арғы-бергі дәуірлердегі ақындардың ең дүрлерінің бірі – Ұлы Омар Һайям бұдан мың жылдай бұрын өзінің «Наурызнаме» ғылыми, поэтикалық-философиялық әйгілі трактатында осыны да алдағы алыс замандарға арналған армандардың біріндей меңзеген еді-ау... Сондай-ақ, Наурыздың мән-мағынасына бойлаған кез-келген кісі бұдан осынау халықаралық, әлемдік актіден ізгілік іздерінің бедерлене ілгерілеп бара жатқанын аңғарары да күмәнсіз. Ендеше, бұл – біздің дәуіріміздегі ірі рухани жеңіс, Наурыздың өнбойындағы гуманизм жеңісі! Жақсылық – жақсылық емес... секілді тәж-күшімен сабақтасып жатқан кейінгі екі ғасырдың біраз көрінісіне куә болып жүрген өз басым үшін өзге атаулы күндерден ерекше екі басты мереке бар. Олар – алдымен, әрине, Қазақ Елінің Тәуелсіздік күні. Екіншісі – әз Наурыз. Міне, сол екінші Ұлы күнге Алланың рахымымен келгелі отырып, күллі халқымызға Наурыздың барша сипаты сыйланса екен деймін. Ол сипат – қайталап айтсақ: мейірімділік, кешірімділік, береке-бірлік, ынтымақ, бұлардың бәрін қосып қорытқандағы алтын құйма – адами бақыт, халықтық, ұлттық бақыт!..
Арғынбай Бекбосын, жазушы.