Мәдениет

Бұл мерекені біз де тойлаймыз

Бұл мерекені біз де тойлаймыз

Светлана Чаутина, «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Наурыз мерекесі бүгінде тек түркі тектес халықтарының ғана емес, Қазақстанды мекен еткен барша ұлт пен ұлыстың ортақ мерекесіне айналды. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері кең көлемде тойланып келе жатқан бұл мерекені біз де ерекше ықыласпен, зор құрметпен қарсы аламыз. Бұл мерекеде жасалар жөн-жоралғылар мен қазақтың түрлі салт-дәстүрлерімен етене таныс болдық. Әсіресе, мерекенің тек қана той тойлау мен думанға айналдырылмай, келешек ұрпаққа үлгі боларлық деңгейде өткізілуі. Мысалы, соның бірі ретінде айналамызды қоршаған ортаға қамқорлық танытып, бұлақтың көзін ашып, жас шыбықтар отырғызу үрдісінің орны бөлек дер едім.

Бахром Муминов, «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Түбі бір туысқан ел, өсіп-өнген тамыры бір ел ретінде қазақтармен қатар, өзбектердің де Наурыз мерекесін төл мейрам, көптен күткен Жыл басы ретінде тойлайтынын білесіздер. Ұлтымыз бөлек болғанымен, Отанымыз бір біздер, атап айтқанда, Қазақстанды мекен еткен өзбектер бұл күні барша түркімен тамырымыз бір екенін тағы бір мәрте сезініп, марқайып қаламыз. Ал, жалпы, Өзбекстан халқы «Навруз» мейрамына 15-20 күн бұрын дайындала бастайды. Яғни, қазақтар секілді онда да арықтарды қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін әктейді. Әр махалла өз шайханаларында мерекені тойлауды ұйымдастырады. Мейрам қарсаңында арнайы мерекелік тағам «сумалак» пен ханпалау әзірленеді. Сумалакты бидай қайнатып, мақта майын қосу арқылы дайындайды. Сумалак неғұрлым көп уақыт дайындалса, соғұрлым дәмді болады. Тіпті 20-24 сағат бойы әзірленетін кездер де болады. Негізінен, бұл мерекелік тағамды ән айтып, би билеп, әзілдесіп жүріп пісірген жөн. Ең бастысы, өзбектер бұл күндері қайырымдылық шараларын кеңінен өткізуге қатты көңіл бөледі.

Алижон Муллажанов, «Тәжік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Тәжік халқының Наурыз мерекесін тойлауда өзге ағайындардан анау айтқан ерекшелігі жоқ. Әлбетте, өзіндік ерекшеліктері мен жөн-жоралғысы бар. Әр елде Наурыз мерекесін әртүрлі атап, бірі «Ноовруз», енді бірі «Ноовруз байрам» деп жатса, тәжіктер «Хадир айиам», яғни «үлкен мереке» деп атайды. Үлкен мерекеге тәжіктер бірнеше апта бұрын дайындала бастайды. Ал мерекеге бір апта уақыт қалғанда балалар көктемнің келе жатқанын «Гол гардани» рәсімін өлеңдетіп орындау арқылы білдіреді. Бұл рәсімде балалар таныстарының үйлеріне көктем гүлдерін апарып, үй иесі оларға сыйлық беріп, сый-сияпат көрсетеді. Сонымен қатар, «Хане текани», яғни үй тазалау, дәмді тағамдар әзірлеу де мерекеге дайындық болып саналады. Сонымен қатар, түрлі ұлттық және басқа да ойындар ұйымдастырылып, халық барынша шат-шадыман күй кешеді.