Тұсаукесер, бесік той...
Тұсаукесер, бесік той...
Ұлыс күні – барлық мекемелер үшін де үлкен елеулі мереке. Биыл Наурыз мерекесі №19 балабақшада да ерекше аталып өтті. Мұнда жыл тағамы наурызкөже дайындалып, бүлдіршіндерге ұсынылды. Белсенді тәрбиешілер Мөлдір Нұржанова мен Гүлмира Әлімбекова топ тәрбиеленушілерін қатыстыра отырып, концерттік бағдарлама дайындапты. Ата-аналар мен тәрбиешілер қазақы оюмен әдіптелген шапан, жейделерімен мерекенің сәніне сән қосты. Қазақтың ұлттық киімдері жүректері жаңа жауған ақ қардай таза бүлдіршіндерге де жарасып тұрды. Олардың Наурыз мерекесі туралы айтқан әндері, өлең-тақпақтары, көріністері көпшілік көңілін тазалыққа жетелеп, риясыз сезімге, мерейлі қуанышқа бөледі.
Шараның ең маңызды сәті тұсаукесер рәсімі көрсетіліп, бір жасар сәби Әлинұр Нұрбаевтың тұсауы кесілгені болды. Қазақтың жоралғысына, жолына сәйкес ата-анасының ұсынысымен сәбидің тұсауын аталған балабақша меңгерушісі Гүлжазира Мырзакелдіқызы кесіп, бүлдіршінге елдің үлкен азаматы бол деп тілегін арнады. Сәбидің әжесі Ұлдана Бостанқызының да қуанышында шек болмады. Көпшілік арасынан жасы үлкен кісілер де кішкентай Әлинұрдың ғұмырлы, зерек болуына ақжарма көңілмен тілек білдірді. Осылайша, аталған балабақша ұжымы биылғы Наурыз мерекесін ерекше көңілді, өзге тәрбие мекемелеріне үлгі болатындай деңгейде өткізді. Бүлдіршіндердің көңілі қазақы болмысымызбен ерекше әсерге бөленгені анық. Ұлттық болмысымыз, қазақи қалпымызды бойға сіңіру балабақшадан бастау алып жатса, кәні!
Есет Досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.