МЕН АТАЖҰРТҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІМ?
МЕН АТАЖҰРТҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІМ?
Мен Бекен Қайратұлымен осыдан алты жыл бұрын Мекке, Мәдина қалаларына қажылық сапарында таныстым. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын жаны жайсаң жақсы адам екен. жасқа да, жасамысқа да «ләпбай, тақсыр» деп тұрғаны. Оның осы кішіпейілдігі маған қатты әсер етті. Қажылыққа барған жүздеген адамның әрқайсысы өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады ғой, бірақ, солардың арасынан жадымда қалғаны – Бекеннің жүрегіңді елжіретер жұмсақ мінезі болды. Жолбасшымыз «Қажылыққа келгендердің мыңнан бірінің ғана қажылығы қабыл болады» деуден танбайды. Ондайда «Кім сауапты істі көп жасап, кім сабырлы болса, соның қажылығы қабыл болады» деген сеніммен жақсы адам болуға тырысамыз. Бірақ, маған бәріміздікі жасанды, тек Бекеннің бойындағы ізгіліктер ғана өзіне туабітті тән қасиет сияқты көрінеді. Өйткені, ол басқалар сияқты жақсы болайыншы деп тырыспайды, қанында бар қасиет оны қандай қиын сәт туындаса да қабақ шыттырмай алып шығады. Елге келген соң ол Астанасына тартты. Жақында сайттардың бірінен оның «Мен атажұртқа қалай оралдым?» деген мақаласын оқып отырып, Бекенді жаңа қырынан танығандай болдым.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, NAMYSKZ сайтыныңредакторы.Дүние тағы бір дөңгелегенде оқу-тоқуды аяқтап, жіптіктей офицер болып шыға келдік. Атажұртқа деген баяғы жылт еткен сағыныш, лаулап өртке айналды. 1986 жылы Алматыда жастар лап еткенде, «Шіркін-ай, сол марқасқалардың сапында тұрмадым-ау» деп аласұрдым. Осы тақырыпта бірдеме жазу үшін, алдымен өткен өмір-тарихымды көктей шолып өтуге тура келетін сияқты. Неге? Өйткені, әуелін білмейінше, кейіннің жібі тарқамайды-ау. Сонымен... Мен туғанда, яғни, есімді білгенде ортам тап-таза қазақ еді. Кәдімгі көшпенді өмір болатын. Біздің үй көктемде мал төлдету үшін қыстаудан көшіп, аралға барады. Ол жерден Қобда өзені тасымай тұрғанда тезірек көшіп жайлауға беттейді. Көшкенде кәдімгі түйемен көшеміз, біз сияқты боқмұрын балалар жүкті түйенің үстінде кебеженің ішінде, шайқалып кетіп бара жатамыз... Жайлау қандай еді? Басқасы басқа, кешкі жамыраған қозының даусын әлі сағынам. Біздің үйде радио қабылдағыш болды. Кешке «тоғыздың хабары» дейтін 30 минуттық аймақтың жаңалығы мен концерті аралас ақпарат айтады. Оны тірі адамның бәрі тыңдайды. Бұдан басқа ешқандай жаңалық көзі жоқ. Осы «тоғыздың хабарынан» қазақстандық өнер адамдарының айтқан әндері анда-санда беріліп тұрады. Маған тұңғыш рет «Қазақстан» дейтін ел барын естірткен осы радио. 1970 жылы жасым жетіге толып, сабаққа бардым. Үш кластық бастауыш мектеп. Оқыған әліппеміз қазақстандық еді. Жарты жылдан кейін (әліппені аяқтаған соң) қолымызға «Ана тілі» дейтін оқулықты ұстатты. Бұл да сол Қазақ ССР Білім министрлігінің өнімі. Ішінде, танымал ақын-жазушылардың шығармаларынан шағын үзінділер бар-тын. Оқып отырып ойланбаймын ба, мына Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілов деген кімдер өзі? Әй, мыналар біздің аймақтың адамдары емес. Қазақстандық дей ме? Ондай ел қай жақта? Күллі қазақ сол жерде тұрады екен? Онда біз неғып мұнда жүрміз? Осы сұрақты әкеме қойдым? Жарықтық селк етті. Өйткені, жалғыз ағасын 1938 жылы халық жауы деп атып жіберген, өзін бақылауға алған, содан қорқып 1939 жылы алғашқылардың бірі болып армияға аттанған, әскер қатарында 6 жыл жүріп, сүзек ауруына шалдығып, тізген сүйектей болып еліне аман оралған адам еді. Әкем айтты: «Баяғыда қазақтарды орыстар келіп бодандыққа алған екен, біздің аталарымыз содан ауып кеткен екен». Дәл осылай деді. Құдайға рас! Жан жүрегімде осы кездерден бастап, атажұртыма деген ұлы сағыныш, аңсау пайда болды. Екінші-үшінші сыныптан бастап әдеби кітаптарды оқитын болдым. Бір күні қолыма Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романы түсті. Кешке қойды қоралап тастап, атама (әкемді ата деймін) сарнатып оқып берем. Атам солқылдап жылайды. «Қайран қазағым-ай, көрмегенің жоқ-ау» деп еңірейді. Бесінші сыныпқа барғанға дейін Сәбит Мұқановтың 10 томдығын оқып болып, «Қобыланды», «Алпамыс батыр» жырларын және «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» үтіріне дейін жаттап алдым. Әдейі жаттағам жоқ, жатталып қалды. Зулап уақыт өтіп жатты. 1980 жылы орта мектепті тәмамдап, Ұлан-батыр қаласындағы Әскери институтқа курсант болып қабылдандым. Қырық бес қонақ карентинде ұстады. Аса ауыр сынақтан өттік. Күніне 15-20 шақырым кросс жүгіреміз. Жолымызда Кеңес Армиясының әскери қосындары орналасқан. Биік дуалдың сыртына солдаттар қиқалақтатып жазулар жазыпты. Жүгіріп келем, оқып келем... «Чимкент» деп тұр. Көзіме оттай басылды. Қаптаған қалқа-моңғолдың ортасына үйірлесе алмай жүрген мен бейбаққа ана жазу қол бұлғап тұрған атажұрым сияқты елес берді... Ақыры Қазақстанға ел көшті. Бұл 1991 жылдың наурыз айы болатын. Иә, ақсарбас, енді не тұрыс!!! Тура мамыр айының басында басшылықтың атына армиядан босату жайлы өтініш жаздым. Ол кезде қызметтен оңай-оспақ босата қоймайтын. Екі апта өтті. «Жолы болсын!» деген қуанышты хабар жетті. Біз пақыр «Әлей болсынды» айтып үлгермей, қолма-қол көшуге бел байладық. Мұндай мүмкіндік ғасыр тұр ғой бір дәуірде туа бермес. Осындай толқулы күндердің бірінде, «не ақыл айтар екен» деген үмітпен Қайымхан дейтін ағай бар еді, соған бардым. – Оу, Кәке, Қазақстанға кетпекшімін, бардым дейік, ол елге қандай пайдам тиеді менің?.. Кәкең әдеттегідей құнжыңдап риясыз күлді. – Құдай-ау, болмаса ондағы қазақтың саны бір адамға көбеймей ме? Менің ғұмырлық танымыма қамшы болған осы сөз. Қазірдің өзінде бір оралман көшіп келсе, «қазақтың саны бір адамға көбейді» деп қарап тұрамын. Сонымен, Қазақ еліне көшетін болдым. Байқасам, Қобда қаласынан тағы бір топ көшпекші екен. Бәрін тізімге алдым. Тура 100 үй. Бұлардың құжат-анкетасын жинап алдым да Ұлан-батырға барып бәріне паспорт жаздырдым. Мына жақта ел не боп жатыр екен деп Бай-өлкеге келдім. Қазақстанға көшуге 800 үй тіркеліп қойыпты. Арнайы Еңбек биржасы деген құрылыпты. Бастығы Барбол Қызылұлы дейтін еңгезердей азамат екен. Соған бардым. Ол кісі бірден: – Сен жігітім, офицер көрінесің, мына жұмысқа көмектессең қайтеді? – Ләпбай, не істеуім керек? – Ел көшіріс. – Дайынмын. Барекең екеуміз Бай-өлкеден көшетін 800 отбасының (ұмытпасам, 21 мың адам) құжат-қағазын және пойызға билет алу үшін қаржы-қаражаттарын жинап алып Ұлан-батырға тарттық. Қаладағы Темір жол техникумының 4 қабат жатақханасын жалдап алдық. Моңғолдың жолаушылар тасымалдау әуе агенттігіне барып, олармен келісіп барлық жолаушылар ұшағын Бай-өлкеге бұрдық. Аймақтан күніне 5-10 ұшақ адам келеді. Оны қабылдап алып, ақшасын беріп сатып алған екі составқа тиеп Ресейдің Наушке бекетіне жеткіземіз. Наушкеде Қазақстанның барлық облысынан мыңдаған адамдар келіп қазақтарды алып кетуге күтіп жатыр. Бастығы Марат Қонақбаев деген – ҚР Еңбек министрлігінің өкілі. Мәкең қазақтарды сол жерде облыс-облысқа бөліп таратып беріп жатыр. Осының бәрін ұйымдастырған сол кездегі Еңбек министрі Саят Бейсенов деген адам. Саят ағамыз Ұлан-батырға келіп, көшіп жатқан елді көзімен көрді. Барбол ағама: «Көшті тоқтатпаңдар!» – деп бұйырды. Ең соңында пойызға отбасымды алып өзім отырдым. Наушкеде Марат Қонақбаев көкем күтіп отыр екен. «Осымен бітті, соңғысы менмін» дедім. Марат көкем: «Сен қайда барғың келеді?» – деді. «Қалаған жеріңе жеткізем». Артынан осы сәтті көп ойландым. «Тура Алматыға барам» деп неге айтпадым екен. – Мен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданына барам, – дедім. Марат аға қолма-қол Шығыс Қазақстанның өкілін шақырды. – Мына жігіт Тарбағатайға барады. Қызық болғанда, Наушкеде Тарбағатай ауданның өкілдері де жүр екен. Сау етіп он шақты қазақ жетіп келді. Ішінде қару-жарақ асынған милициясы бар. Осылар қолтықтап ала жөнелді. Осы милиция жігіттің аты Сержан Шөкеев екен. Артынан қимас дос болып кеттік. Қазір зейнетке шыққан, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында тұрады. Тарбағатайға баратын себебім: Қазақстанға көшуді ойлаған күннен бастап «Қайда баруым керек?» деген сұраққа басым қатты. Содан ҚазССР энциклопедиясы дейтін 12 томдық зілдей кітапты екі апта ақтарып қоныс іздедім. Сол кітапта: «Кеңес заманында құжат-қағаздары қазақ тілінде жүргізген жалғыз аудан бар. Ол – Тарбағатай» деп жазылған екен. Осы сөз менің ол жаққа атбасын бұруыма себеп болды. «Қайда барсам да, қазағы тұнық жерге барайын». Осы жерде бір қызық айтайын. Менің отбасымды атамекенге жеткізу міндетін арқалаған Қайрат Бодаубаев деген жігіт маған тосынан: «Қай жылғысың?» – деп, сұрақ қойды. Бұндай сұрақ біздің жақта «қай жылы Армияға барғансың?» дейтін сұрақтың орнына жүреді. «1980-ші жылғымен» деп қоям. Қайрат аң-таң. Сөйтсем бұл сұрақ мына жақта «қай жылы туғансың?» дегенді білдіреді екен. Қазір күлкім келеді. Қайрат ойлаған шығар, мынау өзі 1980-ші жылы туса, қазір жасы 11-де, сөйте тұра әйелі үш ұлы бар... Осындай қызықтар көп болды ғой. Қысқасы, Иркутскіден пойызға отырып Қазақстанды бетке алып тартып келеміз. Орыстың ну орманы бітіп бермейді. Ол кездің пойызы шабан. Үш күн жүріп, түсте Барнауылға жеттік. Кешкі сағат 8.30-да «Ауыл» деген стансадан Қазақстанға келіп кірдік. Терезеге телміріп қараймын. «Арман болған Қазақстаным осы ма едің?!». Түнде пойыз Жалғызтөбе стансасына келіп тоқтады. Сол жерде біз баратын совхоздың көлігі күтіп тұр екен. Отырғызып алды да салдырлатып тартып отырды. Жүріп келеміз. Жолды жатқа білемін. Картадан қарап біліп алғам. Қасымда совхоздың кәсіподақ ұйымының басшысы қара мұртты біреу отыр. Мен болсам әлгі адамға, алдымызда Көкпекті, одан кейін Ақсуат, Ақжарға да таяп қалдық... деп әңгіме айтып қоям. Мұртты үнсіз. Маған біртүрлі ежірейіп қарайды. Сөйтсем ол бейбақ менен қорқып келе жатыр екен. «Бұл пәле бәрін қайдан біледі, мынау нағыз тыңшы шығар». Бұл – мұрттының ойы. Артынан маған өзі айтып, қарқ-қарқ күлгені бар. 1991 жылдың қыркүйек айының 28 күні таңғы сағат 10.20-да әйелім және үш ұлым бар жалғыз отбасы ШҚО Тарбағатай ауданы Қазақстан қой совхозына көшіп келдік. Бұл күздің қылаң бере бастаған мезгілі-тін. Тура қазанның 1-күні совхоз берген қара купәйке мен керзі етікті киіп алып, жұмысқа шықтым. Кешегі түкірігі қан татыған жалынды жас офицер – совхоздың қара жұмысшысы. Бір жақсысы, мені ешкім танымайды. Ауыл айтады: «Совхозға моңғолдан бір қара жұмысшы кепті». Бірақ, мен еш ренжімедім. Себебі, бұлай боларын жүрегім алдын ала сезді. Екіншіден, түрмеде жүргем жоқ, атамекенде қазақтың қара жұмысын істегенде не тұр, дәтке қуат отбасым қасымда... Күндер өтіп жатты. Менің міндетім – шопандардың қора-қопсысын жөндеу және Қандысудың бойында күзеуде отырған малшыларды қыстауына көшіріп, қондыру. Бірде Совет деген ақсақалдың үйін машинаға тиеп болып, қарасам, жұртта пеші қалып қойыпты. Жүгіріп бардым да, пешті ұстай алдым. Ап-ауыр. Ішіндегі күлі төгілмепті. Көшкен жұртқа қазақ күл төкпейді. Пешті былай апарып күлін төктім. Сол кезде басыма бір ой сап ете түсті. «Ер жігіттің басына біреудің күлін төгетін де күн туады». Ым, япырмай, осы күн маған туған екен-ау. Қара басымда жалғыз мақсат болды. Бұл өмір мәңгі емес. Шыдамақ керек және өзімді дәлелдеуім қажет. Ол үшін не істеймін? Жазу яғни, мақала жазуды үйренейін, мүмкіндік болса өлең жазып көрсем қайтеді. Неден бастасам екен? Сол күндері маған ең көп қойылатын сұрақ мынау еді: «Қайдан келдің?», «Неге келдің?», «Не әкелдің?». Осыған өлең жазып жауап берейін:
Қайдан келдің дейсіз бе?
Алтай таудың ар жағынан келдім, Бай-өлке аймағынан келдім, Әлі өңі бұзылмаған, Қазақтың қаймағынан келдім. Алтайдың өрінен келдім, Мұңғылдың жерінен келдім, Дастарқаны жиылмаған, Қазақтың төрінен келдім. Құпия сеніммен келдім, Кеппеген теріммен келдім, Атамекенімді аңсап, Туған жерімнен келдім. Таулы алқаптан келдім, Әрине, алшақтан келдім, Қазақи сағынышымды, Сағынышымды тарқатқалы келдім.
Атамекенге неге келдім?
Жан мұңымды айтайыншы деп келдім, Қазақ күйін тартайыншы деп келдім. Қазақстан орыстанып барад дейді, Рас па екен байқайыншы деп келдім. Алтын Ордам көрейінші деп келдім, Қолым ұшын берейінші деп келдім. Шетте тудым, шетте өстім, ағайын, Дәл ортаңда өлейінші деп келдім. Атамекен нұр алайын деп келдім, Шертіп бір күй уанайын деп келдім. Сен жыласаң, жоқтау айтып тоқтаусыз, Сен қуансаң қуанайын деп келдім. Атамекен, айналайын, деп келдім, Күтіп алар бар ма, ағайын деп келдім. Қасіретің тұнып жатса көкейде, Жырың болып сорғалайын деп келдім. Дұшпандарды бұқтырайын деп келдім, Кірмелерді ықтырайын деп келдім. Шетелде қазақтар бар айбарлы, Құдіретін ұқтырайын деп келдім. Дүниеден бір кетейін деп келдім, Мәңгүрттерді күлкі етейін деп келдім. Салт-сана мен дәстүрімді сіздерге, Ұға алсаң, үлгі етейін деп келдім.
Не әкелдің дейсіз бе?
Сағыныш-сырымды әкелдім, Шықпаған үнімді әкелдім. Ешбір дақ түспеген, Тап-таза тілімді әкелдім. Асылдың сүйегін әкелдім, Ғасырдың тілегін әкелдім. Ескі қазақтың, Аңқау жүрегін әкелдім. Бабамның мұратын әкелдім, Қажымас қуатын әкелдім. Ескі қазақтың, Инабат-ұятын әкелдім. Өнердің көрмесін әкелдім, Қыздардың зердесін әкелдім. Сіздер ұмытып қалған, Қазақтың бейнесін әкелдім.
Дәл осылай деп жазып тастадым. «Уһ» деп терең тыныс алдым. Әйтеуір жауап бердім-ау. Өлеңді Алматыдағы Смағұл Елубай ағама жіберіп қойдым. Бір күні әлгі үш өлеңім қаңғалақтап «Егеменді Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 21 наурыз күнгі санында шауып жүр. Мына қызықты қара! Содан ойландым, Аллаға шүкір, ең бастысы, ел шетіне іліндім, қара жұмыс істеп жүрсем, өзімнің жамандығым. Мықты болсаң өзіңді дәлелде! Содан аудандық газетке мақала жазуды бастадым. Арада үш жыл өткенде сол газетке жұмысқа тұрдым. Дәндеп қалған бейбақ басым тағы бір топ өлең жазып, оны баяғы Смағұл ағама жіберіп қойдым. Смағұл ағам ол кезде «Парасат» журналында бас редактор. Сол өлеңдерім жарқ етіп журналға шыға келді. Марат Қабанбай марқұм сол журналда істейді екен. Оны білмеймін. Менің өлеңдерімді оқып журналға дайындаған сол кісі. Күндер өтіп жатты. 1997 жылы астана болайын деп жатқан Ақмола қаласына қоныс аудардым. Жұмысқа тұрдым. Тіпті, баспаналы болдым. Бала-шағам өсті, өнді. Менің ұлы арманым – яғни, немерім Айша қазақтың топырағында, керемет шаһар Астанада дүниеге келді. Егер өз басым азын-аулақ жақсылыққа қол жеткізген болсам, бұл әуелі сонау жылдары итарқасы қияннан көшіп келіп, сол жерде қара жұмыс істеп, атажұртқа деген зор ықыласыма үміт артып, қиындыққа төзе білген азғантай сабырыма берген құдіретті Алла тағаланың сыйы деп білем. Басқа ештеңе емес. Бір қызық айтайын: мен көшіп барған Қазақстан қой совхозын Жаңауыл деп атайды. Мен барғанға дейін сол ауылдан журналшы анау-мынау қаламгерлер шықпаған екен. Қазір сол ауылдың жастары қазақ баспасөзінде із тастап жүр. Атап айтқанда: «Аламан» атты спорт сайтын жүргізіп отырған Руслан Меделбектегі, Астанада жүрген рухты қаламгер Заңғар Кәрімхандарды өзімнің ізбасарларым деп санаймын. Өйткені, қалай да мен Жаңауылдың суын іштім емес пе?! Е, жұртым, мен атамекенге осылай келгенмін! Атажұртыма табыстырған Тәңірге шексіз алғыс! Алладан тілейтінім тек тыныштық. Ел тыныш болса, аштан өлмейміз, көштен қалмаймыз!