Бүгін - Ұлыстың Ұлы күні
Бүгін - Ұлыстың Ұлы күні
Бүгін көктемнің аса бір жарқын мерекесі, Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы. Ендеше, елімізде ерекше құрметпен, ұлттық нышанмен аталып өтетін мерекелердің бірі - Наурыз екендігін, ал жыл өткен сайын бұл мейрамның елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағына күтетін ортақ мерекесіне айналып, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түскендігін неге мақтан етпеске.
Наурыз мейрамы - көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Ал наурызды қазақ халқының ықылым заманнан тойлап, «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше атағаны бүгінгі таңда көзі ашық, көкірек көзі ояу әр азамат жақсы біледі. Наурыз мерекесі жайлы Шығыстың ұлы классиктері Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балха, Омар Хайям, Қожа Хафиз еңбектерінде де кездеседі. Ұлы Абай да кезінде: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен»,- деп те сүйсінген.
Ұлыстың ұлы күні жайлы Шәкәрім өлеңдерінде де кездеседі. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаевтар Наурыздың жас ұрпақты ата дәстүр негіздерінде тәрбиелеуде алар орны ерекше екендігі туралы жазды.
Өкінішке орай, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасиетті мерекені тойлау кеңес заманы кезінде үзілді. Қазақстанда да талай жылдар бойы бұл діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы елімізде 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі болып саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн бойы тойланып келеді. Бұл орайда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болғандығын айта кетсек артықтық етпес.
Әдетте, Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық - аса киелі сандар. Сол себепті наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.
Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі - Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен».
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.
Ал биылғы Наурыздың орны ерекше. Мереке алдында еліміз үшін аса ерекше оқиға - ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы өтті. 20 наурызда Қазақстан ашық, заңды түрде сайлау өткізіп өзінің шынайы демократиялы ел екендігін бүкіл әлемге паш етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтауында да бұған ерекше тоқталып өтті.
«Әз-Наурыз барша халқымызға құтты болсын! Осы жерге жиналған халыққа, барлық қазақстандықтарға шын жүрегіммен бақ-береке тілеймін. Ұлыстың Ұлы күні кешегі сайлаудағы ұлы жеңісімізбен қатар келді. Сондықтан Қазақстан халқы бір үйдің баласындай аман-есен жүріп жатқан жағдайымыз бар. Осы бірліктен Жаратқан бізді әр уақытта ажыратпасын. Барлық істеп жатқан жұмыс - келер ұрпақтың қамы. Келер ұрпаққа беретін аманатымыз елдің бірлігін сақтап, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғап, болашаққа жол салатын болсын», - деді Президент кеше елордада Наурыз тойланып жатқан этноауылда Қазақстан халқын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтауында.
Ендеше, Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы еліміз бен жерімізге ынтымақ, ырыс, бақыт сыйласын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын ағайын!