«ЭКСПО-2017»... ТАРАЗДА
«ЭКСПО-2017»... ТАРАЗДА
Өңірде Халықаралық көрме қонақтарына қызмет көрсететін еріктілерді дайындап жатыр
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Отырысқа этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысованың айтуынша, өткен жылы қазан айында Астанада басталған «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында аймақтық мәдени-туристік кластерлер құру қолға алынуда. Ондай кластерлердің бірі – «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» қазір облыста жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба екі бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Ол «Өз өлкеңді таны» – балаларға арналған туристік маршруттар, сонымен бірге «ЭКСПО-2017 еріктілері». Облыс аймағы бойынша экскурсия жасайтын тарихи орындарға «ЭКСПО-2017» нысандары да енген. Ол жерде еріктілер үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде арнайы оқудан өтеді. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында Тараз қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Жібек жолындағы сұхбаттар» халықаралық мәдени жобасы, «Ұлы Дала елі» халықаралық конференциясы ұйымдастырылғаны белгілі. Жалпы, аймақтық Ассамблея хатшылығы білім, тілдерді дамыту басқармаларымен бірлесіп, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне аса мән береді. Облыста 1 миллион 111 мың адам, оның ішінде 87 этнос тұрады. Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына 73 этномәдени бірлестіктер кірген.
«Ақ жол-Ақпарат».