Аюбаев ойлап тапқан өртсөндіргіш көлігі 50 сағат тоқтаусыз жұмыс істейді
Аюбаев ойлап тапқан өртсөндіргіш көлігі 50 сағат тоқтаусыз жұмыс істейді
Тілсіз жауды ауыздықтау – өзекті мәселелердің бірі. Өнертапқыштардың өртке қарсы техника мен отты сөндіру құралдарын жасап шығаруға деген ұмтылысы да ерен. Мәселен, таяуда ғана қытайлар «Өртке қарсы граната» деп аталатын салмағы небәрі жарты килограмдай құрылғы жасап шығарды. Әлгі құрылғыны өртке оранған үйге лақтырса, үй ішіндегі температура салқындап, оттегіні түгел сіңіріп алады екен. Нәтижесінде, от бірден өшеді. Қытайдағыны айтамыз, тараздық өнертапқыш Марат Аюбаев та өртпен елу сағат бойы арпалысуға арналған қуатты көлікті ойлап тауып, арнайы патент алған болатын. Бүгінге дейін қағаз жүзінде қалып келген оның жобасы алдағы бірер жылда іске асуы мүмкін.
Өртсөндіруші бұл техника – өнертапқыштың бірінші ашқан жаңалығы емес. Оның патенті бола тұра, жүзеге аспаған жобалары көп. Өзі құрылыс саласында еңбек еткен, бүгінде зейнеткер. Қоғамға қажетті техникалық құрылғылар жасап шығарғысы келеді. Өнертапқыштың айтуынша, өрт сөндіру саласына осы жаңа техника енгізілсе, ол он есе арзан әрі тиімді болады екен. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасында өткен жиында жоба авторы осыны айтты. – Энергетика, жылу энергетикасы мен медицинада, экология саласында жалпы саны 25 жаңалық ойлап таптым. Соның 5-еуі өрт сөндіру саласына қатысты. Оның үшеуі – өртке қарсы техникалық жобалар, екеуі – өрттің алдын алуға бағытталған техникалық жаңалық. Оған адамның қатысуы керек емес. Өрттің салдарынан қыруар шығын шығады. Ең бірінші, адам өміріне қауіп төнуде. Менің техникамның қазіргі өртсөндіргіш көліктерден артықшылығы – ол елу сағаттай тоқтаусыз жұмыс жасап, өртті жеті түрлі тәсілмен ауыздықтайды. Ал кәдімгі техника ары кетсе, бір сағат қана өртпен арпалыса алады және екі тәсілмен ғана шектелген. Биік ғимараттар өртенгенде, оған сатымен шығуға физикалық күш қажет. Әрі уақыт жоғалтады. «Аюбаевтардың көп салалы өрт көліктері» деп аталған техника дүниежүзінде жоқ. Жоба тек қағаз жүзінде. Бірақ, тәжірибе жасалған. Тәжірибе жасау үшін былтыр екі миллион теңге бөлінген. Енді тиісті құжаттары рәсімделсе, мемлекет грант береді. Жұмыс содан кейін басталады. Республикалық «Шапағат» байқауында былтыр менің көлігім жеңімпаз атанды. Отандық өрт сөндіру көлігін шығаруға ыңғайлы орынды республикамыздың барлық өңірінен іздедім. Ақыры, Шымкенттегі Ленгер зауытымен келісім жасастық. Қаржы бөлінсе, техника сол зауытта жасалатын болады, – дейді Марат Аюбаев.
Наурызбек САРША, «Ақ жол»