Әлеумет

«BlogCamp: Блогқұрылтай-2016» – Таразда

«BlogCamp: Блогқұрылтай-2016» – Таразда

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Тараз төрі тағы бір тағылымды істің ұйытқысы болмақ. Нақтырақ тоқталар болсақ, 22-24 наурыз аралығында облыс әкімдігінің қолдауымен «BlogCamp: Блогқұрылтай-2016» іс-шарасы Таразда өткізілмек. 

Интернет кеңістігіндегі қазақ тілді сайттардың сапасын арттырып, жастардың блогқа деген қызығушылығын тудыруды көздеген аталмыш шара елімізде осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. 2011 жылдан бастап Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған қалаларында өткізілген игі шара әр өңірдің әлеуметтік, қоғамдық-саяси, экономикалық әлеуетімен танысуға мүмкіндік береді. Блогқұрылтайға қатысуға ниет білдіріп отырған 350-ге жуық блогшы тарихымыздың темірқазығы аталған Тараздың тыныс-тіршілігін әлеуметтік желілерде жан-жақты ашып көрсетпек. Іс-шара сонысымен де құнды. Үш күнге созылатын басқосу барысында бүгінгі қазақ интернетіндегі өзекті мәселелер, жаңашыл бастамалар, блогтұғыр сапалылығы, ғаламторда жарық көретін ақпараттың шынайылығы секциялық жұмыстарда талқыланып қана қоймай, «Біздің өлке» атты Тараз қаласы мен аудандарының көрмесі, «Шежірелі Әулиеата – мекенім» атты блогтур, спорттық ойындар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылмақ. – Бірінші блогқұрылтай 2011 жылы Шымкент қаласында өтті. Оған 220 блогшы қатысқан болатын. Оның ішінде Қытай, Түркия мемлекеттерінен келген қандастарымыз да бар. Облыс орталығында өткізілгелі отырған басқосуға қатысуға 350-дей өтініш келіп түсті. Бұл жолы шара қатысушыларының арасынан тележүргізуші Маралбек Сағынғанов, Есен Елеукен, Саясат Нұрбек секілді елімізге танымал азаматтарды көре аласыздар. Шынын айтқанда, Тараз қаласында блогшыларға арналған орта жоқ. Себебі осында туып-өскен блогерлердің көбісі жұмыс бабымен басқа қалаға кетіп қалған. Блогқұрылтайды Таразда өткізу арқылы осы кемшілікті жоямыз деп ойлаймын, – дейді Ұлттық интернет ассоциациясының вице-президенті, «BlogCamp: Блогқұрылтай-2016» іс-шарасының үйлестірушісі Данияр Алан. Ал «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, журналист Қанат Әуесбай: – Біріншіден, бұл шара елтануға мән беретін елгезек, қазақ жерінің әр қиырын танып-білуге құштар жандардың басқосуы. Елжандылық, отансүйгіштік қасиеттері алдымен өз еліңді танудан басталады. Біздің жастар жердің, елдің қадірін қаршадайынан біліп өскені абзал. Екіншіден, мұнда блогер жастар арқылы еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары мен кәсіпкерлеріне аймағымызды таныстыру, облысымыздың барлық саладағы жетістіктерін, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік зор. Қазір ақпараттық технология, коммуникацияның заманы. Жиынға келген 300-ден астам блогшы Жамбыл өңірі туралы 300 мәлімет таратып жіберсе, туған жерімнің мерейі үстем болып, мәртебесі биіктей түсері анық, – дейді.

Эльвира  Жарылқасынова, «Ақ жол».