Әдебиет

Жоғалып-табылған жылқы

Жоғалып-табылған жылқы

Қуандық ТҮМЕНБАЙ.

Біздің шал зейнетке шықты. Сол жылы мініп жүрген жылқысы жоғалды. Құдай біледі, «бәле-жаланың бәрі осымен кетсін» деп қабырғасы қайыса қоймаған шығар. Бұл – менің қиялым. Өзім болсам, сол жылы дүние есігін ашыппын.

Онға толып, доп теуіп жүрген шағым. Маңдай терімді сыпырып, салған голымды санап, атама мақтанып отыр едім, біреу ерттеулі күрең қасқа жылқыны есік алдындағы сәмбі талға әкеп байлады. Жылқының көзі былшық, ағып тұрған сорасы да бар. Бұның бәрі көз алдымдағы көрініс болғасын айтып отырмын, әйтпесе, атбегі емеспін ғой. Атам – дүние жимаған адам. Өмір бойы ат үстінде жүрсе де мал жиып, қорасын кеңейтпепті. Екі-үш уақ мал мен шәйға қататын сүт сауып алар бір сиыры бар. Баспанасы да баяғы сталиндік кезеңдегі жатаған там. Сол бәкене отаудың алдындағы ағаш сәкіде бүйірін таянып отырған атам мырс етті. – Қайдан табылды? – деді атты жетектеп келген қимылы шалт тықырбас жігітке. – Бәйгеқұмнан... – Ім-м... – «Бұл – Сыздекеңнің аты, апарып бер» деп маған жетектетіп жіберді. Басқасын білмеймін... – Кім айтты? – Аршабай... Аршабай деген атақты ұры бопты, ол да қазір амалсыз белі бүгілген кәрі екен. Алдынан мал құтылмайды дегенді естуші ем. Атамның дөңгелек жүзіне күлкі үйірілді. Сол сәт көкшіл көздері лезде ішіне кіріп шатынап, сұсты кейіпке ауысты. – Аршабайға сәлем де. Атымның он жыл жеген жемі мен шөбі үшін атасына мың алғыс. Он жыл тастаған тезегін күреп, қолы да талған шығар. Мен он жыл ат ұстаушы ма едім, мен тек аттан түспеген кезде ғана ат мінетін пақырмын ғой. Елу бесінші жылы аттан түстім. Хрущевпен бірге атымды жемдегеніне мың алғыс, – дегенде, әлгі ат жетектеп келген адам көшеге қарай тұра қашты. Атамның жүзі сұсты. Балаға түкіретіні тағы бар. Ит тиіп ауырған сәбилерді таң атпай әкеледі, «сүфит, сүфит!» деп, бетіне-бетін тақап, түкірігін шашыратқаннан кейін «сен көр, мен көр», жазылып кетеді дейді. Қазіргі өңіне қарасам, өмірге түкіріп отырған секілді. Әлгі тықыр бастың тұра қашқаны несі? Көзінен қорықты-ау деймін. Сонда Хрущев кетіп, орнына Брежнев сайланып жатқан кезең екен. Атам өмір бойы ел билеген, ұрлықтың қайтымын да сол ел өміріндегі саясатпен қабыстырып айтып отыр ма деп қалдым. Күрең қасқа ат сәмбі талда әлі байлаулы тұр. Алдына бір бау пішен тастап едім, атам көрсе де, көрмегендей иліге қоймады. Түс ауа ағам келді. Заң факультетін бітіріп, аудандық милицияға тергеуші боп қызметке кіріскен. Көзінен сорасы ағып тұрған жүдеу жылқыны көріп таңғалды. – Ат сатып алғансыңдар ма? – деді алды-артына шығып. – Мына Қаныш туған жылы ұрланған жылқың табылды. Сен онда әскерде едің. Білмейсің де. Енді тергеймін десең, айғақ дайын. – Хрущев кетіп, Брежнев келгенде табылған екен де. Бас хатшылар ұрыларға бірдеңе десе керек. – Ағам да кезеңге деген көзқарасын қызыл тілінің ұшымен білдіріп қойды. – Сен тергеуші боп келген күні менің жылқым үйге кеп отыр. Мен қызметтен кеткен күні ұрланған жылқым балам қызметке келген күні қайтып кеп отыр. Заман, неткен түлкі едің?!. – Мәскеудегі ауысып жатқандар бірдеңе деген шығар, – ағам да қарап қалмай кезеңді тілімен қолпаштап қойды. – Әзір Мәскеуге аузымызды ашқанымыз ашқан. Кейінгісін өздерің көрерсіңдер, – деп атам соңғы сөзін айтты. – Ертең құшханаға өткізіп жіберіңдер. Анау арқасындағы ерін, әкелген адамды тауып, қайтарып бер. Аттың ері мойнымда кетпесін. Он жыл бұрын жайдақ алып еді... Атам – бір сөзді адам, оның аузынан шыққан сөз жазылмаған заң секілді. Таңертең біреу кеп шылбырды сәмбі талдан шешіп алды. Бір тәулік бойы көзінен сорасы ағып, мүлгіп тұрған жылқының жанұшырып алды-артына шықтым. «Жылқы деген осындай болады екен-ау» деп таңғалдым. Бұрынырақ әкелгенде өзім ерттеп, өзім жемдеп, бабын жасар едім. Оған да жағдайдың тура келмегенін қарашы». Ауылдағы жылқы фермасының меңгерушісі Бөрібай атты алып кетті. Соған дейін алдына бір бау шөп салып, бір шелек су қойдым. Менің жаным жылқымен бірге секілді. «Осындай бітімі бөлек сұлу жануарды ұрлайтын адамдар қалай жер басып жүреді екен?» деп те толғандым. Атты әкетіп бара жатқанда, көкірегім удай ашыды. Ерін алып, сәмбі талдың қасына қойды. Сол кезде секіріп мініп ап ат арқасына қонжидым. – Әй, түс, біз бұны етке өткіземіз, – деді ферма меңгерушісі Бөрібай қомпаңдап. – Жоқ, түспеймін. – Құшханада онсыз да өшірет. Тезірек жетейік. – Ана жерге дейін мініп барайыншы. – Сен де бір... – деп Бөрібай шылбырын қолына алып, жетелей жөнелді. Мен болсам жайдақ аттың үстінде аяғым салбырап, бұ дүниеге биіктен қарап отырмын. «Мен де атқа міндім, жылқының арқасына жайғастым. Ол өзіміздің үйдің жылқысы. Етке өткізбей-ақ қойғанда... Онан да ұрыны ұстап, жазаламай ма?..» – Түс енді! – Бөрібайдың қатқыл даусынан кейін ат арқасынан сыпырылып түстім. Көшеде машина күтіп тұр екен. Қауы ашулы. Шылбырынан тартып, ағаш тепкішекпен жоғары өрмелетіп, жыңғылмен артынан түртіп, әйтеуір мінгізіп алды, сол кезде жылқы теңселе бұрылып кері қарады. Көзіндегі сора бырт-бырт үзілген жасқа айналды. Құдай біледі, ол мені қимай бара жатыр. Аядай жерде әрең бұрылып, маған қарағаны сол қимастықтан ба деп қалдым. Қазір пышаққа түсетінін сезіп барады. Жылқы – адамнан кейінгі сезімтал жануар. Адамдар ұрлық жасамай-ақ жылқыны баптап өсірсе қайтеді?! Сонда жылқы мінездес мәрт адамдар да көп болар еді. Бұл – менің қоштасу сөзім. Машина гүр етті. Дір-р еткен жылқы тұрған орнында жығылып, жата кетті. Құшханаға жетпей жан тапсырыпты.

* * *

Аттың ері сол күйі сәмбі талдың қасында қалды. Оны керек қылған ешкім жоқ. – Атам тергеу жүргіз деп еді ғой, – десем, ағам қылмыстың ізі суып кеткенін, уақытқа байланысты қылмыс та қысқаратынын айтты. «Шіркін, Шерлок Холмс пен доктор Ватсон болса ғой, – деп ойладым Конон Дойлды оқығаннан кейін, – қай кезде болса да суық қолды ізін суытпай тауып берер еді. Біздің ұрымыз он жылдан кейін өзі кеп қолға түсіп отырған жоқ па?! Атамның мініп жүрген көлігі өзі аттан түскен күні қолды болғанын қарашы. Біздің елде аттан түскен адамды елемеу ескі дәстүрге енген секілді. Шерлок Холмс пен доктор Ватсонға бәрібір, жас па, кәрі ме – адам таңдамайды, қылмыстан зәбір көрген біреу болса болды, бар білігін сап кіріседі. Бірақ, олардың атамекені Англия ғой. Қорыққанын ғана сыйлап, билігі барға бас ию біздің қылмыс әлеміндегі қалыптасқан ережеге айналды. Әйтпесе, бізде де иісшіл иттер аз емес, бірақ солардың бәрі Баскервилей ит сияқты із кесе қоймайды. Ит те қарғыбау ұстаған адамның көрсеткен ізіне түсіп кетті. Сонымен, жоғалып-табылған жылқының ері әлі үйде сақтаулы. Ешкімге тигізбеймін. Біздің қоғамда қылмыс мұражайы ашыла қалса, атын атап тұрып тапсырамын. Қоғам өзгеріске толы ғой. Қылмысты марапаттайтын мұражай да бір күні ашылар.