Әлеумет

ГҮЛМИРАНЫҢ СӘН ҮЙІ

ГҮЛМИРАНЫҢ СӘН ҮЙІ

 333Гүлмира Әсемованың жеке кәсіппен айналысып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Кәсібін кеңейтуге былтыр ғана мүмкіндік туды. «Әсемова» атты жеке кәсіпкерлікті ашқан ол 12 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Оны «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының кепілдігімен «Қазақстан Халық банкінің» облыстық филиалынан алды. Гүлмира қомақты қаржыға үйінің алдынан екі қабатты әсем ғимарат соғып, оның бірінші қабатына тігін цехын орналастырса, екінші қабатын тіккен киімдерін тұтынушыға ұсынатын әрі жалға беретін орынға айналдырды.

Аудан орталығында жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемованың барлық киім түрлерін тігуге және көйлектерді жалға беруге арналған «Алтынай» сән үйінің ашылу салтанаты болды. Салтанатты шараға аудан әкімі Батырбек Құлекеев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова кәсіпкерді Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық тапсырды. Ал ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлы мен ардагер ұстаз Әсия Сағындықова жеке кәсіпкерге баталарын берді. «Алтынай» сән үйінде әзірге бес адам еңбек етеді. Дегенмен, кәсіпкер-ана тапсырыс молынан түсіп жатса, жұмыс орнын әлі де ұлғайтпақ ниетте.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист.

Жуалы ауданы.