Құмырсқалар патшалығында
Құмырсқалар патшалығында
балаларға арналған қойылым кішкентай көрермендерінің көңілінен шықты
Ұлыстың ұлы күніне орай облыстық қазақ драма театры «Жақсы шәкірт» атты ертегі және думанды қойылымын бастауыш сынып оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің назарына ұсынды. Кішкентай көрермендер мерекелік бағдарламаны тамашалап, шат-шадыман күй кешті.
Театрдың үлкен залында сахналанған ертегі көрермендерді барынша елітіп, баурап алғанының куәсі болдық. Оқиға желісінде құмырсқалар тіршілігі баяндалды. Балалар жәндіктердің образын нанымды, қызықты сомдаған әртістердің әр қимылы мен сөзіне, олардың өзара әрекеттеріне риза болысты. Ертегі-қойылым болған соң оның айтар ойы, берер тәлімі болуы шарт десек, бұл тұрғыда қойылымның жоғары мазмұнда өрбігені ерекше байқалады. Жақсы әртіс қана емес режиссерлік қырынан да танылып келе жатқан Мәлік Ақүрпеков бұл орайда біраз тер төккені байқалады. Расында, қанша ұсақ жәндік десек те, құмырсқа тіршілігі – адам ғұмырына өнеге боларлықтай. Олардың бір-бірімен ымыраласып, бірлікте,тынымсыз қарекет ететін тіршілігі адамдар арасына да қажет-ақ, осыны қойылымның әрі авторы, әрі режиссері Мәлік өз деңгейінде көрсете алған. Тіпті, кішкентай көрермендер – балалардың тілінде әдемі жеткізді. Ертегі барысында Жуан бел мен Қыпша бел, Қарауыл және Ойшыл ата атты құмырсқалар образдары арқылы бір илеуде тату әрі тыңғылықты тірлік кешіп отырған мыңдаған майда жаратылыстың тіршілігі бейнеленеді. Олардың өзара достықтары, жанашырлықтары табиғаттың сан түрлі тосын құбылыстарына, адамдар мен өзге ірілі ұсақты жаратылыстардан төнген қауіптерге төтеп беруге жігерлендіреді. Оған оқиға желісінде көз жеткізе түстік. Бұлардың ала жаздай жинаған дәндеріне ұрлыққа түскен қос шегірткені айла-амалмен тұтқынға түсіріп, қатал жазаға бұйыруға ынталы бола тұрып, оларға кешірімділік пен мейірбандылық танытып, босатуы – шын мәнінде құмырсқалардың өнегелі тіршілік иесі екенін айғақтайды. Режиссер қызықты оқиғаларға негізделген қойылым арқылы балалардың бар ынтасын аудара отырып, олардың бойына достық, еңбекқорлық, кешірімділік секілді қасиеттерді сіңіруге ұмтылды. Бұл ретте ең ұсақ жәндіктің бейнесін сенімді сомдаған Әбу Шоңбаев, Мәмбет Қожалиев, Гүлдерай Әлімқұлова, Ғазиз Сұрапбаев пен Ризат Қылышбаева секілді театр әртістерінің еңбектерін де ескеріп өту керек. Қоюшы-суретші Рахат Сапарлиева да ертегі әлеміне сай еңбектенген. Бұдан соң қойылым соңы ғимараттың екінші қабатындағы фойеде әзірленген думанды бағдарламаға ұласты. Әз Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған бағдарлама балалардың жүзіне нұр, көңілдеріне қуаныш сыйлады. Онда Қошақан, Мешін, Түн жаршы, Күн жаршы, Бұзархан секілді кейіпкерлер табиғат-ананың ерекше болмыстарын бала тілімен әдемі өрнектеді. Кішкентай көрермендердің де мерекелік бағдарламаға қатысып отыруымен ерекшеленген қойылым Ұмай ана мен Қызыр бабаның ақ батасымен түйінделгені де әсерлі шықты.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.