Қазақстанның барлық аймағында сайлау учаскелері ашылды
Қазақстанның барлық аймағында сайлау учаскелері ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 20 наурыз күні таңғы сағат 07-00-де еліміздің барлық өңірінде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарын сайлау үшін дауыс беру учаскелері ашылды.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы 7.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.
2016 жылғы 20 наурызда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депуттарын сайлауда дауыс беру жалпы алғанда 9 840 сайлау учаскесінде өтеді.
Қазақстаннан тыс жерлердегі ел азаматтары үшін дауыс беру учаскелері құрылды. Ол үшін шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында Сыртқы істер министрлігінің аумағындағы сайлау округіне қатысты сайлау учаскелеріне баруға болады.
Сайлау заңнамасына сәйкес, шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанындағы сайлау учаскелері бойынша сайлаушылар тізімдеріне тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді іс-сапарда жүрген және Республика азаматының төлқұжаты бар барлық азаматтар енгізіледі.
2016 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша түрлі шет мемлекеттердегі консулдық есепке Қазақстан Республикасының 14 мыңнан астам азаматы қойылған.
51 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында 65 сайлау учаскесі құрылды. Нақтырақ айтқанда, 5 учаске Азия елдерінде, 4 - Оңтүстік және Солтүстік Америкада, 1 - Африкада, 20 - Еуропада, 15 - ТМД-да.
Шетелдік учаскелерде Қазақстан Республикасының азаматтары партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда ғана дауыс бере алады.
Саяси додаға барлығы алты партия - «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Бірлік» саяси партиясы қатысып жатыр.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің 98 депутаты, сондай-ақ облыстық, Астана, Алматы қалалық мәслихаттарының 550 депутаты, қалалық мәслихаттардың 625 депутаты және аудандық мәслихаттардың 2160 депутаты сайланады.
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде алты саяси партияның атынан 234 кандидатты тіркеді.
ҚР-дағы сайлауды 964 халықаралық байқаушы қадағалайтын болады. Сонымен қатар, ол дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін байқауға кандидаттар мен партиялардың сенім білдірген адамдары, қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, Қазақстан Республикасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.
Сайлауда 9 791 165 қазақстандық дауыс береді деп күтіліп отыр.
Еске сала кетейік, ҚР Президентінің 2016 жылғы 20 қаңтардағы «Бесінші шақырылған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығымен партиялық тізімдер бойынша сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 21 наурызға тағайындалған болатын.
Құрметті сайлаушылар!
Сайлау күні өзіңіздің сайлау учаскеңізде жеке куәлікті немесе республика азаматының паспортын, уақытша жеке куәлікті, мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлер үшін әскери билет ұсынған жағдайда Сіз үш сайлау бюллетенін аласыз.
Дауыс беруге арналған бір бюллетень - Мәжілістің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депуттатарын сайлау жөнінде.
Екінші бюллетен - облыс мәслихаты депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін.
Үшінші бюллетен - қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру.
Астана және Алматы қалаларының сайлаушылары екі бюллетеннен алады - Мәжіліс және қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша.
Әрбір сайлаушы жеке өзі дауыс береді.
ақпарат көзі kazinform.kz