Мәдениет

Немерелер жүрегінің лүпілі

Немерелер жүрегінің лүпілі

Жуырда «Эдельвейс» баспасынан поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынова жайлы «Асыл бейне» атты жаңа кітап жарық көрді. Өмір бойы бірге туған іні-сіңлілерін, өзінің Айбарын, олардың балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялап, бағып- қағып, әлпештеп өсіріп, аналық мейіріміне бөлей білген, балажан ақын Фаризаға деген перзенттік махаббатқа толы бұл кітаптың орны басқалардан өзгерек.

Жинақ негізінен Оңғарсыновтар әулетінің ең жас өрендерінің еске алуларынан тұрады. Бұлардың ақын ананың өзі қойған аттары қандай мағыналы да, әсем! Алан, Әнел, Аруай, Асылан, Ахметжан, Әлихан, Әмірлан, Айсана, Кәмила, Әбіш, Әдина, Әдия. Жауқазындай жас ұрпақтың даңқты әжелері туралы жүректен туған естеліктері барынша шынайы. Бала сағынышы самал тербеген дала гүлдерінің қауызынан тамып кеткен таңғы шықтай мөп-мөлдір. Ақылды жасөркен ақын әжелерінің есімін мақтанышпен, құрметпен еске алады. Бірі-Фариза әжесінің өз қолымен пісірген балдай дәмді бауырсағын айтса, бірі- шахмат, асық ойнап, күлдіргі сөздермен әжелерінің көңілін көтергенін, тағы бірі – асыл ананың айтқан ақылдарын, үйреткен істерін, оқыған өлеңдерін, өздеріне еркелетіп қойған екінші аттарын еске алады. Әжесі бар кездегі әдемі шақтарын бала тілімен әсерлі баяндайды. Көркем безендірілген кітаптан бала жүрегінің лүпілі, тап-таза тұма бұлақтың сылдыры естілгендей болады. Әрбір жолы әжелерді ардақтауға үндеп тұрған естеліктер жинағы ұрпаққа үлгі боларлық. Жақын жандардың жақсы лебіздерінен тұратын, көңілдің бір шоқ гүліндей бұл жинақты әзірлеп, әрлеп шығарып, тұсаукесерін өткізіп, ақын әруағына Құран бағыштап, дастархан жайған қалам ұстап жүрген қыздардың бірі - Маруся Маралқызының игі ниетіне нұр жаусын.

Күләш АХМЕТОВА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.