Экономика

Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың

Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың

Облыс әкімі К. Көкірекбаев арқаны кеңге салған әкімдерді сынға алды

Бағдарлама талаптары орындалмауда

Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі аппаратының селекторлық режімде дәстүрлі кеңесі өтті. Онда күн тәртібінде бірінші «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Бұл мәселе жөнінде облыстық әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков хабарлама жасады.

Хабарламашы бағдарлама аясында республикалық және облыстық бюджеттен 5,8 миллиард теңге қаралып, есепті кезеңге жоспарланған 746,3 миллион теңгенің 452,4 миллион теңгесі немесе 60,6 пайызы орындалғанын еске салды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша барлығы 83 жобаға 3102,3 миллион теңге қаралып, есепті мерзімде бөлінген 459,4 миллион теңгенің бар-жоғы 184,6 миллион теңгесі ғана игеріліпті. Бұл – 40,2-ақ пайыз. Есепті мерзімде қаралған қаржыдан Сарысу ауданы бар болғаны 6,7 пайызын ғана, Тараз қаласы 28,3, Меркі ауданы 35 пайызын игерсе, Жамбыл, Талас және Шу аудандары күні бүгінге дейін көк тиын да игермеген. Осы бағытта барлық жобаларда 1708 жұмыс орнын құру жоспарланса, 21 жобада жұмыс басталып, 133 азамат жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 69 адам Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен келген. Бұқаралық ақпарат құралдарында барлық 85 жоба туралы хабарлама жарияланған. – Конкурс өткізілген 50 жобаның 42-сінде жеңімпаз анықталып, 37 мердігермен келісімшарт жасалып отыр. Дегенмен, Талас ауданында үш жоба, Сарысу ауданында бір жоба бойынша келісімшарт жасалмаған. Сол сияқты, 21 нысанда келісімшарт жасалғанымен, жұмыстар әлі басталмаған. (Жамбыл-5, Қордай-5, Талас-3, Сарысу-2, Т.Рысқұлов-2, Мойынқұм-2, Жуалы-1, Меркі-1) Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 2014 жылға 1786,5 миллион теңге бөлініп, 920 адамды қамту жоспарланып отыр, – деді С.Сейтбеков. Биылғы 1 мамырға 920 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, осы мақсатқа қаралған 37,7 миллион теңгенің 31,1 миллион теңгесі игеріліпті. Ал, 6,6 миллион теңге мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржы көрінеді. Шағын несие беру бойынша уәкілетті өңірлік ұйым болып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы белгіленіпті. Шағын несие алушылар үшін жылдық тиімді сыйақы ставкасы 6 пайызды құрайды екен. Шағын несие беру осы айда басталатынын жеткізген басқарма басшысының орынбасары аудан әкімдері несие алған азаматтардың бірінші кезекте салық органдарында тіркелуін, олардың әрқайсында кем дегенде бір қосымша жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етулері қажет екенін еске салды. Одан әрі ол бағдарламаның үшінші бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстан да жан-жақты хабардар етті. Мемлекеттік бағдарламаны орындауда олқылықтарға жол берген Шу, Жамбыл, Сарысу және Меркі аудандарының әкімдері Б.Нүркенов, Р.Дәулет, Қ.Мәдібек және Б.Көпбосынов түсінік берді. Осы жерде кейбір аудан әкімдері нақты цифрлардан жаңылысып жатты. Селекторлық режімде өтетін облыс әкімі аппаратының кеңесіне қалай болса, солай дайындықсыз келетін әкімдерді Кәрім Нәсбекұлы сын тезіне алды. Ол орынбасары Ерқанат Манжуовқа аудан әкімдерінің осы саламен айналысатын орынбасарларын шақырып, шұғыл жиын өткізуді жүктеді. Облыстық әкімдіктің білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының білім саласына қатысты бірінші және үшінші бағыттары бойынша хабарлама жасады. Облыстың бас педагогының сөзіне қарағанда бағдарлама шеңберінде техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде кәсіптік даярлау курстары бойынша өңірдегі 955 білімгердің 70-і оқуын аяқтапты. Биылғы сәуір-мамыр айлары аралығында 5 мамандық бойынша 3 колледжде 101 адам бір айлық біліктілігін арттыру курстарымен қамтылыпты.

547,4 мың гектар ауылшаруашылығы жері пайдаланусыз жатыр

Облыс әкімдігінің жер қатынастарын реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Молдабайдың хабарына қарағанда 2013 жылдың 1 қарашадағы жер есебі бойынша облыстың жер қоры 14 миллион 426,4 мың гектарды құрайды екен. 2011-2013 жылдар аралығында жүргізілген тексеру және түгендеу жұмыстарының нәтижесінде облыс бойынша 547,4 мың гектар ауылшаруашылығы жерінің пайдаланусыз жатқаны анықталыпты. Оның ішінде егістік жерлер 176,5 мың гектарды құрайтын көрінеді. Жергілікті атқарушы органдар және жер инспекциясы тарапынан қолданылған шаралардың нәтижесінде анықталған жерлердің 439,9 мың гектары немесе 80 пайызы мемлекет иелігіне қайтарылыпты. 2013 жылғы түгендеу жұмыстарының желтоқсан айында аяқталуына және материалдардың осы жылдың наурыз айында келіп түсуіне байланысты 18 мың гектар жердің құжаты қазіргі кезде аудандық жұмыс топтарында қаралып жатыр екен. Осының қорытындысы бойынша бұл жерлерді де мемлекет иелігіне қайтару шаралары жүргізілетінін еске салған хабарламашы мұның сыртындағы 57,7 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде есепке алынғанын атап көрсетті. Одан әрі ол республикалық бюджет есебінен жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстарын 2014 жылы аяқтау жоспарланғанын еске салып, биыл бұл жұмыспен Тараз қаласы, Қордай, Шу ауданы қамтылатынын жеткізді. «Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу шаралары басты назарда ұсталуда. Бүгінгі күнге қайта айналымға қосылған жерлердің аумағы 165,7 мың гектарды құрап отыр» деді. Басқарма басшысының орынбасары күн тәртібіне шығарылып отырған мәселе өзекті бола тұра бұл шаруаға немқұрайлылық танытып отырған Тараз қаласының немесе бірде-бір аудан әкімдерінің есімін атамады. Осыны хабарламашыға қабырғасынан қойған облыс әкімі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолының бойындағы қазылған ой-шұңқырларды және Мойынқұм ауданындағы компаниялар жердің астан-кестеңін шығаратынын, осы аймақтан тамыр жинаушылар жерді шұрқ тесік қылып жататынына алаңдаушылық білдірді. Ал, Тараз қаласындағы бос жатқан жерлер қоқыс төгетін алаңға айналған. Осы мәселе бойынша Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов пен Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровтың атына әжептәуір сын айтылды. Одан кейін облыс бойынша аумақтық жер инспекциясының басшысы Серікбай Тәпеев қосымша хабарлама жасады. Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, облыстық басқармалардың басшыларына күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі тазалық мәселесіне, өрт қауіпсіздігіне, қысқы жылу беру науқанына дайындыққа, басқа да бірқатар маңызды мәселелерге назар аударып, тиісті басқарма, мекеме басшыларына тапсырма берді. Алдағы айда атақты композитор, әнші Кенен Әзірбаевтың 130 жылдығы өтеді. Сондай-ақ, даңқты палуан Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнир жалауын көтереді. Тиісті басқарма басшыларына осы ауқымды шараларды тиісті дәрежеде өткізуді жүктеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».