Халықаралық көрмеге құр қол бармаймыз
Халықаралық көрмеге құр қол бармаймыз
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз биік белестерді бағындырып, ата-бабаларымыз армандаған ұлы мақсаттарға қол жеткізуде. Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесінде мемлекеттің экономикасы артып, Еуразия жүрегіндегі Қазақстанның мәртебесін әлем мойындай бастады. Еліміздің дамыған 30 елдің қатарынан көрінуі үшін жүзеге асырып жатқан даму стратегиялары да нәтижесіз емес. Көшбасшы 30 елдің қатарына ену жолдары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында және «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму атты Жолдауында нақты көрсетілген. Аталған стратегиялық бағдарламада еліміздің жасыл экономикасын дамытуға негізделген, тиімді және тұрақты экономика құру міндеттері нақтыланған.
Жалпы, «жасыл экономика» деген ұғымның мағынасы кең. Жасыл экономикаға көшу арқылы біз табиғаттың байлығын тиімді пайдаланумен қатар, желдің күші мен күннің сәулесін, судың қуатын пайдалану арқылы экологиялық проблемаларды шешеміз. Ал бұл өз кезегінде электр энергиясын сақтау мен инновациялық технологияларды һәм Қазақстандағы туризм кластерін дамытуға жол ашады. Өңірімізде жасыл экономиканы дамыту дұрыс жолға қойылған. Осы бағытта облысымызда бірқатар инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Оның бір дәлелі – қуаты 9,2 МВт-тық жаңа су электр стансасының іске қосылуы. Нақтырақ айтсақ, бұл жобаларды іске асыру үшін инвесторлар тартылуда. Бүгінде «Компания А&Т Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Тасөткел» су қоймасы арқылы электр қуатын өндіретін станса жасақтап, тиісті жұмыстар жүргізуде. Бұл су электр стансасы жылына 45,6 миллион кВт сағат электр қуатын өндіретін мүмкіндікке ие. Сондықтан, оны аймақтағы «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған батыл қадамның жемісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, су қоры мол «Тасөткелдегі» су электр стансасы – өңірдегі теңдессіз алғашқы жоба. Алдағы уақытта осындай тағы да екі шағын станса салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда аудан табиғатының ерекшелігіне байланысты желден де электр энергиясын өндіруге зор мүмкіндік туып тұрғанын айта кету керек. Өйткені, шалғайдағы Шоқпар ауылында үнемі өкпек жел соғып тұрады. Табиғаттың осы құбылысын тиімді пайдалану мақсатында «Windhan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған ауыл маңынан жел электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Ал Алға ауылдық округ аумағында «Sun Colutions Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күн электр стансасын іске қосу бойынша жұмыстар атқармақ. Бұл – келешек ұрпақ алдында ар тазалығы үшін жасалып жатқан дүние. Себебі, әлемде сарқылмайтын байлық жоқ. Сондықтан, қосымша қуат көздерін тауып, баламалы энергияның аясын кеңейту – жер бетіндегі ортақ проблеманы шешудің тиімді жолы. ХХІ ғасыр – технология заманы. Осы ретте айта кетер бір жайт, жастар ғылымға барынша ден қоюы тиіс. Келер жылы Елорда төрінде өткізілуі тиіс «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі ғылымға қызығушылығы басым қазақстандық жастардың шабытын шыңдап, талабын қанаттандырумен қатар, тың жаңалықтар ашуға мол мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осындай зор мүмкіндік арқасында Қазақстан абырой биігінің жаңа белесіне көтерілетініне сенім зор. Халықаралық көрмеге біздің де ұсынарымыз бар. Ол өрге басқан жасыл экономикамыз.
Шу ауданы.