Әлеумет

Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі байлық

Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі байлық

«Жері байдың – 

елі бай»

Архар-300x201 liska-obecna-2269 69e669494452206d3e5a691439e13e32_XLЖаратушымыз бәрін берген ғой! Бір өзіне бес Франция сыятын ұлан-байтақ жеріміз бар. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орындамыз. Өлкемізден Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығын да табуға болады. Халқымыздың, міне, осы байлығын, әсіресе, аң мен құсының басын азайтпай қорғап, сақтаудағы құнттылығын айтсаңызшы бәрінен де. Қазақтың ерте заманнан саятшылыққа құмарлығы алабөтен болғанмен, ұшқан құс, жүгірген аң атаулыны қорғасын оққа байлап, қынадай қыруға құмбыл қазіргінің қаскөйлері секілді бір асым еті үшін емес, қансонар қызығына бола қырға шығатын. Аң-құстың жүрер жолына қақпан, тұзақ құрып, табиғи тәсіл арқылы айрықша епсектілікпен аулайтыны ше! Қанша жерден «көз құрты» болса да, даланың аң-құсын киелі санап, есеппен аулауды, сөйтіп, өздерінен кейінгі ұрпаққа табиғатты шырқы бұзылмаған, аң-құсы азаймаған күйінде қалдыруды мұрат тұтты. Есесіне аң мен құстың адамзаттың көз қуанышы екені, адамды сұлулыққа тәрбилейтін құдіреті жайлы ата-бабаларымыз аузымен айтылып, бүгінге жеткен аңыз, әпсаналар да көп-ақ. Мұның да ұрпақты табиғатты сүюге тәрбиелеу екені анық. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы ашаршылық кезінде де аң-құсқа, балыққа көз сатпай, есеппен аулап күн көрген жұрт едік... – Өзен-көлде балықтың неше атасы бықып жүрсе де, соны аулап, қуырып жегенді білмеппіз, – деп отырушы еді Үшарал ауылындағы Мырзабек атам. – Осыдан 40-50 жыл бұрын Талас, Аса өзендері арнасынан асып, жылына төрт мәрте таситын. Сай-саланы суға толтырып, «сексен көл» жасап жататын. Сексеуілі сыңсып, жыңғыл, шеңгелі, жидесі ну орманға айналып, қысы-жазы құстың түр-түрі ішінде өріп жүретін. Көлінде қасқалдақтан, шүрегейден бастап, аққуға дейін жүзетін. Үшаралдағы Абдолла мешітінің, Ойық ауылындағы Ноғай ишан, Қарақожа кесенелерінің күмбездеріне жыл сайын ләйлек ұя салып, балапанын өрбітетін. Ақ бөкен, қарақұйрық, елік дегеніңізден көз сүрінуші еді. Енді соның бірі де жоқ сияқты ма, қалай? – деп күрсінеді үшаралдық Базар Мәденұлы. Олардың бірде-біреуін көрмей өскен бүгінгі ұрпақ құс қанатының суылын, шағала шуылын, бірқазанның дауыс-дірілін, аққұтан, көкқұтанның сыбырын тап басып тани алар ма екен? Аң-құстың жылдан-жылға азайып бара жатқаны неліктен? Орманды алқаптар неге сиреп барады? Осы сауалдар мазалаған біз Сарысу мен Талас аудандарындағы ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелердің жұмыстарымен танысып, өзімізше зерттеуге талпынған едік... Жалғыз мекеме жаныңа жалау болмайды

Облыстық деңгейде өткен бір алқалы жиында туристік кластерді дамыту мақсатында Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарына қарасты телімдерде аң аулауға басымдық беру турасында әңгіме айтылып қалды. Ақкөл мен Билікөл маңынан демалыс орындарын соғып, саяхатшылардың аң-құс атып, саят құруын ақылы негізде ұйымдастыруға болады деген де ұсыныстар қылаң берді. Сол жиында Шу бойы жыл – он екі ай аңшылардың аңсап барар жері делінді. Бұл жерде ең алдымен аталған өңірлердегі аң-құстың саны қанша екендігіне қатысты мониторинг жүргізілген бе, жоқ па, аң-құс қоры олардың қаншалықты деңгейде аулануына кепілдік береді – ол жағы ауызға да алынған жоқ. Ол жөнінде айтудың енді реті келіп тұр... Әуелі Сарысу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Оралбай Әбубәкіровті әңгімеге тарттық. – Мекемеміздің қарамағында 537 092 гектар мемлекеттік қорға алынған жер бар, – деді ол, – оның 193078 гектары орманмен көмкерілген. Көсегенің көк жонында 7 мың гектар жер қоры және бар. Міндетіміз – есептегі жер қорының сақталуын, өсімдігі мен аң-құсының өсіп-өнуін қадағалау. Аса жауапты жұмысты атқарумен 55 адам айналысады, олардың 20-сы – орман қорушы, 9-ы – өрт сөндіруші, қалғандары әртүрлі қызметтермен шұғылданады. Бір кездері реттілік болмауынан бұл салада жұмыс қожырап, отын-су іздегендер сексеуілді жапырып тастаған-ды. Содан бері орман алқаптарын қайта екшеп, жыл сайын сексеуіл егіп келеміз. Он жыл ішінде 16141 гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. – Жолда жүріп байқағанымыз, ақбөкен, қарақұйрық, елікті айтпағанда, баяғыдағыдай жыртылып айырылатын қоян да көзге шалына қоймайды, – деп біз де басқа тақырыпты қаузай қалдық. – Ақбөкеннің жайы өзіңізге белгілі, – деді ол. – Өткен жылы еліміздің киік үйірлері жайылатын үш облысы аумағында 150 мың бас «дала еркесі» қырылды. Қаншасы тірі қалды – белгісіз. Сәуір-мамыр айларында санақ жүргізілгеннен кейін нақты саны анықталады деп күтілуде. Бізде құм ішінде аздап қарақұйрық, Қаратаудың бөктері, шыңдарында арқар, елік кездеседі. Аң-құстың ай сайын есебін жүргіземіз, – деген орман мекемесінің басшысы өздеріне қарасты аумақтағы аң-құстың есебін дәл айта алмады. Біз ілгеріде Мойынқұмнан ителгі, қаршыға ұстаймыз деп араб елдерінен құсбегілер келіп, біраз құсты тұзақтағанын еске салдық. – Олар құстың қадірін білетін халық. Аңшылықты серуен деп түсінеді. Біздегідей автомат немесе алыстан ататын қарумен келіп қырып тастағанды күнә санайды, – деген Оралбай Әбубәкіров осыған байланысты жақында ғана орын алған бір оқиғаны айтып берді. Таудағы орман қорып, жануарлар дүниесін қорғаумен 5 орманшы айналысады екен. Олардың өлкеміздегі онсыз да саны шектеулі тауешкі, арқар, елік секілді түз жануарларын бейберекет атып, аулап, қанжығаларын қандаудан айылын жимайтын қаскөйлермен де бетпе-бет келуіне тура келеді. Орманшылар сондай бір топтың соңына «шам алып» түскен екен. Бірақ тау-тасыңды талғамайтын әрі жүрдек «Джип» мінген браконьерлер орманшыларға шаң қаптырып кеткен. Оны қуа шыққан орманшылар мінген «Нива» жеңіл көлігінің төрт доңғалағы бірдей жарылып, далада қалып қойыпты. «Әнебір жылы табиғат еркесі – жайранды атып алған қаратаулық аңшыны ұстап, ісін сотқа дейін жеткізіп, айыппұл төлеттік. Өткен жылы заңсыз браконьерлікпен айналысқан 19 адамды құрықтап, хаттама толтырып, әкімшілік шара көруге құқық қорғау органдарына жолдадық. Оларға 214650 теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілді, – деп бас орманшы бұл тұрғыда өздерінің текке қол қусырып қарап отырмағандығын да жеткізген. Шу бойындағы орман қорушылардың рейд кезінде жаңадан ғана алған бес орындықтық «Уазик» қызмет көліктерінің ойда жоқта өртеніп кетуі де мекеме үшін «жығылған үстіне жұдырық» болғанға ұқсайды. Біздің орманшы сөзінен ұққанымыз, аң-құс десе қызылкөзденіп кететін браконьерлерді ауыздықтау үшін ең алдымен заманауи әлеуетті көліктер мен заң керек. Әрі бір ғана мекеме күшімен ұлан-ғайыр аумақтың өсімдіктер мен жануарлар дүниесін толайым қорғау да еш мүмкін емес-ау.

жан-жануарлар да мейірім күтеді

Талас ауданындағы Ақкөл ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры Ақынбек Бектаймен де осы мәселе жөнінде әңгімелескенбіз. Ол – басқаратын мекеме есебінде 605 мың гектар жер қоры бар болса, соның 27 мың гектары – таулы аймақта. Мемлекет байлығын қорумен бүгінде 24 орманшы-қорықшы айналысады. Бұл мекеме де орман қорын сақтауда жүйелі жұмыс жүргізіп отырған сыңайлы. Өткен жылы 800 гектар алқапқа сексеуіл тұқымын сеуіпті, 300 гектарға көшет отырғызған. Өрт қауіпсіздігін сақтау үшін 700 километрлік арнаулы жолақ жүргізілген. Орман қорушылар аң-құсты, орман-тоғайларды сақтау үшін еш аянып жатқан жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын Үшарал ауылынан екі қарақұйрықты «ащы қуырдағы» үшін оққа байлағандарды құрықтапты. Жедел топ заңсыз аң аулағандарды сотқа жолдап, олар 1 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген. – Жоғарыда аталған жануарлар «Қызыл кітапқа» енгізілген. Елімізде өздері санаулы ғана қалды. Түнеугүні бір қарақұйрықтың қаңғалақтап барып, Тараз қаласындағы шеткері көшенің біріне кіріп кеткен оқиғасы тіркелді. Оны бірінші көрген орыс ұлты азаматының бірден облыстық тиісті мекемеге хабарлауының арқасында аман қалды жануар. Бұл жөнінде хабар түсісімен біз де жеттік. Қарақұйрық арнайы көлікпен құмға жеткізіліп, үйренген өрісіне жіберілді. Қарақұйрықтардың қар қалың түскен қыс айында қорек іздеп ауыл-ауылға баратынын да естіп жүрміз. Алдыңғы жылы қыс қатты, қар қалың болды. Ақбөкен, қарақұйрық барады-ау деген жерлерді анықтап, қарды аршып алаңқай жасап, шөп шаштық, – дейді бас орманшы, – айналайын табиғат-ананың баға жетпес сыйын сақтап қалуға бүкіл жұрт болып жұмылсақ қой, шіркін! Халыққа табиғатты аялау, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөнінде насихаттық-түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүйелеу қажет-ақ болып тұр. Өскелең ұрпақ орманды отауды, аң-құсты бір сәттік қызық үшін қырып-жоюды мақсат етпей, оны сақтау үшін күрессе, табиғи байлығымыздың бағасын, пайдасын, сырын сезініп өсер еді.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».Сарысу, Талас аудандары.