Экономика

Қаржы игеруде алдыңғы қатардамыз

Қаржы игеруде алдыңғы қатардамыз

Өткен жылы облыс бюджетінің кірістері 202 миллиард 213,0 миллион теңгеге немесе 103,1пайызға қамтамасыз етілді. Оның ішінде меншікті кірістер 45 миллиард 148,8 миллион теңгеге немесе 115,3 пайызға орындалып, бюджетке 5 миллиард 985,3 миллион теңге артық түскен. Бұл туралы облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, есепті кезеңдегі кірістер 2014 жылмен салыстырғанда – 0,7, ал 2013 жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға өскен. Оның ішінде меншікті кірістер тиісінше – 19,5 және 29,8 пайызға артып, 45,1 миллион теңгені құраған.

– Облыс бойынша бюджеттік қаражаттардың игерілу жоспары 200 миллиард 545,9 миллион теңге болса, бұл көрсеткіш 99,9 пайызға орындалған. Осының нәтижесінде облысымыз Ақтөбе және Батыс Қазақсан облыстарымен бірге алдыңғы қатардан көрініп отыр. Өткен жылдың 1 сәуірінен бастап ауылдық және аудандық маңызы бар қалалық округ әкімдерінің қолма-қол бақылау шоттарына облыстық және аудандық бюджеттерден 644,6 миллион теңге көлемінде трансферттер аударылды. Бұл жұмыстарды атқару тұрғысында да біздің облыс көш басында тұр. Кейбір облыстар осы тұрғыдағы істі бастап та үлгерген жоқ, – деген басқарма басшысы былтыр коммуналдық меншікті басқарудан түсетін түсімдер де 126 пайызға орындалғанын айтты. Оның ішінде облыстық бюджетке нақтылы 84,4 миллион теңге түсіпті. Асқар Қырықбаев жекешелендіру бойынша да бірқатар жұмыстарға тоқталды. Ол 2014 жылы 11 ұйым ішінара жекешелендіріліп, одан жергілікті бюджетке 66,2 миллион теңге түскенін, ал өткен жылы 10 ұйым жекешелендіріліп, одан 24,6 миллион теңге түсіп, барлық түсім 90,8 миллион теңгені құрағанын жеткізді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 12 ұйым бәсекелес ортаға беруге ұсынылып отыр екен. Брифингте аталмыш басқарма басшысы мүлікті жария ету жұмыстары жалғасын тауып, жаңа заңнамалық түзетулерді түсіндіру жұмыстары да зор қарқынмен жүргізіліп отырғанын алға тартты. Рақымшылық жасау мерзімі үстіміздегі жылдың соңына дейін ұзартылғанын тілге тиек еткен Асқар Қырықбаев биылғы 9-ыншы наурызға дейін облыс бойынша құны 31 миллиард теңгені құрайтын 6277 жылжымайтын мүлікті жария етуге өтініштер қабылданғанын хабарлады. Оның 253-і құжаттары толық болмауына байланысты қайтарылса, 430-ы комиссиялардың қарауында. Қалған 5594 жылжымайтын мүліктер жария етілген. Басқарма басшысы ағымдағы жылы алға қойылған міндеттермен де таныстырып өтті. Басқосуда журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да тұшымды жауаптар қайтарылды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».