Әлеумет

Шудың Жасыл желегі

Шудың Жасыл желегі

«Мәңгілік Ел – жасыл ел» акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілікке шулықтар да қатысты. Өйткені, аудан тұрғындары мұның экологиялық қана пайдалы емес, мәні зор маңызды шара деп түсінеді. Мемлекет басшысының: «Біз елімізді жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын Мәңгілік жасыл елге айналдыруымыз керек. Кейінгі ұрпаққа желден ық, суықтан пана, ыстықтан сая болатын мәңгілік бәйтерек тұрпатты жасыл елді табыстауымыз керек», – деген сөзін бағдар ретінде ұстанған шулықтар аулаларды, көшелерді, саябақтарды тазалады. Аудан әкімі Рүстем Дәулет Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағында тал отырғызды. 

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Қарғабаев бастаған қариялар да сенбілікте қызу жұмыстың бел ортасынан табылды. Мекеме, ұйым қызметкерлері, колледж студенттері елді мекендерде «еңбек жорығының» көрігін қыздырды. Тіпті, теміржолшылар да шет қалған жоқ. «Локомотив» акционерлік қоғамы «Шу пайдалану депосының» басшысы Қайрат Көкірекбаев жаңа қызметін елді мекенді көгеріштендіру жұмыстарынан бастауды жөн көрген секілді. «Ірілендірілген Шу жол дистанциясы» мекемесінің жұмысшылары да бұл игі істен шет қалған жоқ. Жалпы, бұл күні аудан бойынша 1500 түп тал-дарақ отырғызылып, тазалық жұмыстарына 10 техника жұмылдырылды.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.