«Мойынқұм агроны» мойындайтын күн жақын
«Мойынқұм агроны» мойындайтын күн жақын
ол құны 5,0 миллиард теңге болатын мал бордақылау кешенін іске қоспақшы
Облыста 5 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған кешен іске қосылады. Нақтырақ айтсақ, «Мойынқұм Агро» базасында екі ірі кешен: 3000 басқа арналған бордақылау алаңы мен ет бағытындағы мүйізді ірі қара малын өсірумен айналысатын 5000 басқа арналған шаруашылық-репродуктор – құрылысы аяқталады. Бүгінгі күнге серіктестік тарапынан Ресей Федерациясынан 900 бас «Қалмақ» асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы, 1200 бас жылқы әкелінді. 2016 жылдың аяғына дейін 1000 бас асыл тұқымды емес және 3000 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара әкелінуі жоспарлануда. Жалпы, жоба құны 5,0 миллиард теңгеге жуық болса, оның ішінде 1,5 миллиард теңгесі игерілді. Игерілген қаражаттың 700,0 миллион теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылса, қалған қаражат көлемі «Құлан», «Алтын Асық» және «Сыбаға» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несиемен алынды. Бүгінгі таңда жобаға сәйкес салынатын 20 қашардың 9-ының құрылысы толық аяқталып, 2-еуінің құрылысы жүргізілуде. Малшылар тұратын үйлерді салуға 45 адам тартылған. «Агрофирма Түркпен» ЖШС келешекте сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын әкеліп, сүт өнімдерін өңдеуді және алдағы уақытта ұсақ шаруашылықтарды маңайына біріктіруді жоспарлап отыр. Айта кетейік, аймақтағы мал бордақылау алаңдары мен кешендердің саны өсуде. Бүгінгі күні облыста 17 998 басқа арналған бордақылау алаңдары бар болса, оның 4 950 басқа арналған бордақылау алаңы 2015 жылы құрылып, жылдық жоспар 126,9 пайызға орындалды. Өткен жылы осы бордақылау алаңдарында 1 531,5 тонна сиыр еті өндіріліп, оларға 250,4 миллион теңге субсидия төленді. Асыл тұқымды мал репродукторларын құру мақсатында облысқа соңғы үш жылда шетелден мүйізді ірі қара малының 2 730 аналық басы әкелінген. Жалпы, бұл жобаларды жүзеге асыру өңірдегі мал басының артуына септігін тигізеді. Екі агрокешен ағымдағы жылдың аяғына дейін іске қосылады. Оның ішінде 3000 басқа арналған бордақылау алаңы осы жылдың жазында, 5000 басқа арналған репродуктор-шаруашылық күзге дейін іске қосылуы жоспарланған. Жобалар іске қосылған жағдайда 200 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.