Жасыл желек жамылған жас елім
Жасыл желек жамылған жас елім
облыстық жастар сенбілігі ұйымшылдықпен өтті
Жер-ана жаңарып, Ұлыстың ұлы мерекесі де жақындап келеді. Ырыс пен бақтың, татулық пен бірліктің, жаңару мен жасарудың мерекесі және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облыс аумағын санитарлық тазарту, көгалдандыру және абаттандыру, күл-қоқыстан арылту жұмыстарын жүргізу, туған өлкені жасыл желектендіру мақсатында «Мәңгілік Ел – Жасыл ел» атты облыстық жастар сенбілігі ұйымдастырылды. Сенбілік «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығынан бастау алып, барлық елді мекендерде жалғасын тапты.
Жастар сенбілігіне облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, тал отырғызды. «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі маңында мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен қала тұрғындары 200-ден аса тал көшеттерін отырғызып, жастар бастамасына үн қосты. Бұл күн Наурыз мерекесінің бастауындай еді. Жалпы, халқымызда ұлыс мерекесі қарсаңында тазару күні атап өтіледі.
Елдіктің белгісі болған монументтің алдында сенбілікке қатысушыларға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шырқалған әсем әндер мен оқылған жауһар жырлар еңбек көрігін қыздыра түсті. – Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлаймыз. Мерейлі мерекеге әрбір жас, әрбір тұрғын өз үлесін қосуы тиіс. Бүгінгі сенбілік – елге деген игілікті істердің бастауы. Оны наурыз айында бастауымыздың мәні зор. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың айы. Жалпы, облыстық деңгейде өткізілетін сенбіліктердің аясында 5 мыңнан аса тал көшеттерін отырғызу, 150 шақырымдай автокөлік жолдарының бойы және 20 мың шаршы метр аумақты күл-қоқыстардан тазарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы көгеріштендіру жұмыстарын жандандыру үшін «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын әрі қарай жандандыруға күш салмақ. Жастарды уақытша жұмысқа тарту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда еңбек жасағына 400 жас тарту жоспарлануда. Оларды уақытша 2 айлық жұмыспен қамтуға жергілікті бюджет есебінен 18 миллион 812 мың теңге қарастырылды, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев. Сенбілікте қала жастары Қарахан баба кесенесінің маңы, «Махаббат аллеясы» мен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді. 200 мыңнан аса еңбек жасағы айналаны көгалдандыруға, қала, аудан, ауыл маңдарын, көшелерін тазартуға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға атсалысты.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».