ҚМДБ мектептегі киім үлгісіне қатысты ұстанымын жариялады
ҚМДБ мектептегі киім үлгісіне қатысты ұстанымын жариялады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына мұсылман жамағаты және ата-аналар тарапынан мектеп формасына қатысты сауалдар түсуде. Республикамыздың әр өңіріндегі мұсылмандардың бірқатар өтініш-тілектеріне орай, төменде аталған мәселеге қатысты ҚМДБ ұстанымын жариялады.
«Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді міндеттеген. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім киіп, орамал тарту мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жаулықтарын жамылсын...» («Ахзап» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.
Аятта киімнің түсі немесе үлгісі анық айтылмаған. Сондықтан әр ұлт, әр мәдениет өкілдері Алланың әмірін өз ұстанымдары, тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс. Ал паранжа (ниқаб) кию - салтымызда болмаған. Бұл ата-бабаларымыздың ұстанған жолы емес.
Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған.
Конституцияға сәйкес еліміз зайырлы мемлекет болып табылады, онда азаматтардың ар-ождан бостандығына еркіндік берілген. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда діни бірлестіктердің мемлекеттің қызметіне араласпайтыны көрсетілген. Аталған Заңда еліміздегі білім беру және тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі және зайырлы сипатта болатындығы айтылған.
Діндар азаматтар қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Дініміздегі бойұсыну - негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан мұсылмандар заңға құрметпен қарайды.
Еліміздің заңнамалары бізге балаларымыздың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуына назар аударуға кеңес береміз.
Діни басқарма қыздарымыздың дәстүрімізге сай, ұзын етек, ұзын жең киім киіп, орамал тартып, инабатты болып жүруін тілейді. Осы ретте мектеп әкімшіліктері мен қоғамдық кеңестерінен жергілікті мектептерде киім үлгісін қабылдауда мұсылман жамағатының тілегін ескеруді сұрайды», - деп жазылған ҚМДБ хабарламасында.