Головкин Рио Олимпиадасына қатыса алмайды
Головкин Рио Олимпиадасына қатыса алмайды
Дүниежүзілік бокс кеңесі өкілдерінің пікірінше, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) кәсіпқой боксшылардың Олимпиадаға қатысуына жол беру арқылы, жай ғана қателік емес, қылмыс жасап отыр, себебі кәсіпқойлар мен әуесқойлар бір-бірімен жұдырықтасу үшін дайындығы түрлі деңгейде болады, деп хабарлайды vRINGe.
«WBC жоғары деңгейдегі кәсіпқойлардың ешқайсысы Олимпиада ойындарына қатысуды ойламайды, себебі бұл - өте қауіпті», - делінген ұйым мәлімдемесінде.
«Бұл мәселе (кәсіпқойлар мен әуесқойларды араластыру - vRINGe) толық түсінікті болмайынша және жарыс форматы қауіпсіз деп бағаланбайынша, WBC өз чемпиондары мен ұйымның бүкіл үздіктер рейтингіндегі боксшыларға Риода алдағы уақытта өтетін ойындарға қатысуға тыйым салады», - деп мәлім етті WBC шенеуніктері.
Еске сала кетейік, 2 наурызда AIBA басшысы Чинг-Куо Ву маусымда AIBA жарғысына өзгерістер енгізілген соң кәсіпқойлар Рио-де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиадаға қатысу құқығын алатынын мәлімдеді. Геннадий Головкин - WBC тұжырымдамасы бойынша уақытша әлем чемпионы.