«Құрлықта өмір сүре алмаймын...»
«Құрлықта өмір сүре алмаймын...»
Si Liberman, Washington Post, 07.03.2016
Жолдасымның «саяхаттауды тоқтатпа» дегені әлі есімде. 1997 жылы рак ауруынан қайтыс болған күйеуімнің аманаты – осы. Мэйсон банкир әрі жылжымайтын мүлікті бағалаушы болатын. Екеуміз 50 жыл жұбымыз жазылмай, круиздік кемемен 89 мәрте саяхаттауға шыққанбыз. Оның өлімінен кейін 4 бөлмелі үйді сақтап қалу үшін біраз әрекеттендім. Ақырында қызыммен ақылдасып үйімді саттым да, 5 жұлдызды круиздік кеме тұрғынына айналдым. Шешім қабылдау оңайға соқпады. Не керек, бала-шағам өз бетімен күнін көре алатын болған соң көлденең кедергі табылмағандықтан, қайтадан саяхаттауға бел будым. Мамыр айында 88-ге толамын. Бұл кеменің жұмысшылары толықтай ауысып шықты. Осы уақытқа дейін мен кеменің ең танымал жолаушысына айналдым. Қазіргі таңда жағалауға шығуды азайттым. Барлығы жағалауға шығып кеткенде кеме тым-тырыс күйге түседі, сол сәтте бұл кеме толықтай мендік болып көрінеді. Кемеде кітап оқимын, кино көремін, тоқимын, не болмаса аздап мызғып аламын. Әрине мен өз отбасымды қатты сағынам. Мен олармен пошта немесе лаптоп арқылы хабарласып тұрамын. Мен өте бақыттымын, себебі менің 3 балам, 7 немерем және 2 шөберем бар. Кейде Майами жағалауына келіп тоқтағанымызда немерелеріммен көрісіп, сағынышымды басамын. Кемеде күнделікті өмір сүруге шамамен 450 АҚШ долларын жұмсаймын. Әрине бұл өте қымбат, бірақ бағыма орай күйеуім ақшаны уыстап табатын... Билегенді және 8 адамға арналған үстелде тамақтанғанды қатты ұнатамын. Дастарқан басында көптеген қызықты адамдарды кездестіруге болады. 7 жылдан астам уақыт ішінде 23 фунт қостым. Көп уақытымды тоқумен өткізем. Көптеген жолаушыларға тоқу өнерін үйретіп, шұлық, кеудешені кеме жұмысшыларына беремін. Круиз матростары маған қымбат жіптерді сыйға тартады. Мен кеме дәрігеріне жиі қаралып тұрамын. Дәрігердің айтуынша, менің денсаулығым өте жақсы. Кемеде өмір сүргеніме 8 жылға жуықтады. Мен жолдасымнан айырылғалы бері құрлықта өмір сүре алмайтын секілдімін.