Спорт және туризм

Айбол алып та, шалып та жықты

Айбол алып та, шалып та жықты

«Тараз-Арена» спорт кешенінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» облыстық сынына Тараз қалалық іріктеу жарысы өтті. Білекті балуандар бәсекесінің ашылу салтанатында облыстық қазақ күрес федерациясының Құрметті президенті Жетен Медеуов сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. 

Әуелі жетпіске жуық балуан 8 салмақ бойынша бақ сынасты. 55 келі салмақта Бек Жармұханбетовтің мерейі үстем болса, 60 келі салмақта Руслан Махмұт Ғани Қамықпаевты айқын жеңді. 66 келіде Аян Шуақов жеңістің биік тұғырына көтерілсе, 74 келідегі Әнуар Дулатбаевқа қарсылас шақ келмеді. 82 келіде ТИГУ студенті Бақтыбай Смағұлов, 90 келіде Айбол Айтбек чемпион атанды. 90 келіден жоғары салмақта №13 Тараз темір жол колледжінің студенті Мәулен Қуантхан қарсылас шыдатқан жоқ. Абсолюттік салмақта Ақберді Әлихан барлық қарсыластарынан басым түсті. Жарыстың қызығы түйе палуандар сайысында қыза түсті. Бұл кезеңге қатысуға 12 балуан тәуекел етті. Жартылай финалда Айбол Айтбек Мәулен Қуантқаннан басым түссе, Ақберді Әлихан Дәурен Нұралиевтың мысын басты. Шешуші белдесуде «Әулиеата барысы» атанып жүрген А.Айтбек 120 келі салмақтағы қарсыласы Ақберді Әлиханды (лақап аты – Ақ аю) 40 секундқа жеткізбей, алып ұрды. Үшінші орын Мәулен Қуантханға бұйырды. Облыс әкімдігі дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұлттық спорт түрлері бөлімінің басшысы Назарбек Ізмұхамбетов бастаған спорт мамандары жарысты қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Енді Айбол Айтбек пен Ақберді Әлихан алдағы уақытта өтетін ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» додасының облыстық іріктеу турнирінде боз кілемде өнер көрсететін болады.

Есет Досалы, «Ақ жол».