Мәдениет

Қос қарлығаш

Қос қарлығаш

Киелі Тараз топырағы нәзік жанды таланттардан кенде емес. Әпкелі-сіңлілі Әсел мен Әсем Тілеубердиевалар да өнерімен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп, дарындарымен дараланып жүрген әнші қыздар. Олардың құрған «Әдемі-ай» дуэті бүгінде облыс қана емес, ел көлеміне танылып келеді. 

Әсел мен Әсем ән өнеріне әбден дайындықпен келді. Олар өнерге бейімі бар әкелері Бақытбектің нұсқаған бағытымен бой түзеп, тәлімді тәрбиесімен сусындап өскен. Қыздарының талабын байқаған әкесі оларды кішкентай кезінен домбыра, пианино, би секілді үйірмелерге қатыстырып, баулыған. Содан да шығар, олар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аудандық, өңірлік өнер сайыстарында бақ сынап жүрді. Есейе келе өнер жолына түскен олар Беларусь елінде өткен «Золотая пчелка» халықаралық ән байқауының жеңімпазы, «Тараз жұлдызының» лауреаттары, «Жас талант-2012» байқауының, республикалық «Атамекен» ән фестивалінің жүлдегері атанды. Өзге де ән байқауларында биіктерден көрініп үлгерген «Әдемі-ай» дуэті өнер жолында өз сүрлеулерін салуда. «Әдемі-ай» дуэтінің өнердегі негізгі бағыты – халық әндері мен шығыс әндерін орындау. «Рас, қазір не көп, әнші көп. Кейбіреулері киелі өнерді табыс көзіне айналдырып үлгерді. Биші бола тұрып фонограммамен ән салып, әнші болып шыға келеді. Мұны өнерге деген салғырттық деп түсінеміз. Нағыз талант өзін байқаулар мен сайыстарда көрсету керек деп ойлаймын. Дана халық таңдаулыларды өзі іріктеп алады. Біздің орындаған әндер тыңдармандарға көңіл күй тарту етіп, рухани ләззат сыйласа біз үшін одан асқан қуаныш жоқ», – дейді дуэт жетекшісі Әсел Тілеубердиева. Бір қарағанға «Әдемі-айдың» қос қызы егіз секілді көрінеді. Алғаш көрген адамдар талай мәрте солай шатастырған. Өйткені, әпкелі-сіңлілі олардың сырт пішіндері мен бет-бейнелері де бір-біріне қатты ұқсайды. Араларындағы үш жас алшақтық мүлде аңғарылмайды. Ал сәнді киіммен сахнада бір ырғақта би билеп, тербеле ән шырқағанда оларды ажырату тіпті мүмкін емес. Ондайда олардың жарасым мен үйлесімділіктері арта түседі. Айта кету керек, Әсел мен Әсем де мамандықтарын басқа саладан таңдаған. Әсел М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың журналист мамандығын аяқтаса, Әсем осы оқу ордасының мәдени ұйымдастырушы мамандығын меңгеруде. Қос ару ән әлемінде де, мамандықтарында да өз ісінің үздігі болуды мақсат тұтады.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Тараз қаласы.