Әлеумет

Дариға, Динара және Әлия

Дариға, Динара және Әлия

Елбасы қыздарының есімдерін еншілеген үшем

Түн ұйқысын төрт бөлсе де, ана үшін тіршілікте сәбиінің іңгәсінен тәтті үн жоқ шығар. Ал құрсағында үш жүректің лүпілі естілген ананың сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін еместей. Алланың шексіз мейіріміне бөлену деген – осы-ау, сірә. Өмірге бірден қазақтың үш қаракөзін әкелген Айгүл Мұсақұлова – тағдырдың өлшеусіз сыйына ие болған батыр ана. 

Айгүл – Балуан Шолақ ауылында бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған инабатты келін. Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алған ол 25 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Білікті мамандар қатарынан көрінген ұлағатты ұстаз. Жұбайы Сағатбек Мырзақұлов екеуінің тұңғыш перзенті – Мерей есімді ару. Ортаншылары – Мейірман есімді ұл. Сыйластықты ту қылып, көзінің ағы мен қарасындай қос перзентінің қуанышы үшін барын салған ата-ана үшінші перзенттерін күтіп жүргенде өмірге үшем келеді. Мырзақұловтар шаңырағындағы бұл жолғы шаттық ерекше болатын. Үш сәбиді дүниеге келгені туралы жаңалық сол кезде Балуан Шолақ ауылына ғана емес, бүкіл ауданға тараған. Алыс-жақын ағайынның бәрі қуанған. Ендігі жерде жұрттың бәрі бас қатырған мәселе – үшемдерге ат қою еді. Дүниеге егіз келгеннің өзінде есім таңдау айрықша салтанатқа ұласатын, ал үшемдерге лайықты ат қою мәртебесіне таласқандардың санында есеп жоқ. Соңында көпшілік Айгүлдің ағасы Талғаттың Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың үш қызының есімдерін беру туралы ұсынысына тоқтапты. Үшемдерге Дариға, Динара, Әлия деген есімдер беріледі. Бірден үш шақалақты тербетіп, бағып-қағу бір анаға оңай соқпайтыны белгілі. Сондықтан, Жамбыгүл апа келінінің жүгін жеңілдетіп, қолғабыс етеді. Бұл кезде тұңғыштары Мерей де ес біліп қалған. Ойын баласы болса да, даладағы қызықты қиып, ересек адамша сіңлілеріне қамқор болатын. Бүгін сол Мерей бойжетіп, тұрмысқа шығыпты, Мейірман биыл мектепті бітіргелі жүр. Ал апалы-сіңлі үшемдер – Дариға, Динара, Әлия – М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің озат оқушылары. 7-сыныпта оқиды. Ұстаздары үш қыздың мінездері ашық-жарқын, білімге құштар, кітап оқуға құмар екенін айтады. Динараның көркемсөз, өлеңдерді жүрекке жеткізіп, мәнерлеп оқитын қабілеті бар. Арманы – журналист болу. Ол болашақ мамандығына қазірден дайындалуда. Түрлі тақырыпта мақала жазып, республикалық «Ұлан» газетінің тұрақты авторына айналған. Спортқа да бейім, сабақтан тыс уақытта баскетбол үйірмесіне қатысады. Ал Дариға ақ халатты дәрігер атансам дейді. Әлияның жаны әнге құмар. Домбыра тартып, ән салғанды жақсы көреді. Анасының айтуынша, үшеуі де бейімдеріне қарай үйірмелерге қатысады екен.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Балуан Шолақ ауылы, Шу ауданы.