Әлеумет

Жүрек жылуы

Жүрек жылуы

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеше Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен болған «Көктем шуағы» атты кездесуінде қыз-келіншектерге Ана жүрегі туралы әңгіме айтып берді. – Жастық шақта бәрінің басынан өтетіні секілді, бір жас жігіт қызға қатты ғашық болады. Мұндай кезде Құдай махаббат атты ерекше сезімді жіберіп, жігіттер айналасындағының бәрін ұмытатыны белгілі. Әлгі қыз көркіне көз тоймайтын өте сұлу болғанымен, талап қойғыш екен. Тіпті: «Егер сен мені шын сүйсең, маған Анаңның жүрегін әкеліп бер, сонда ғана мен саған сенемін» депті. Ал жігіт: «Бұл қалай? Ол мүмкін емес қой?!» деп таңданады. Осылайша, қайғы жұтып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Әрине, мұның бәрін байқаған Анасы бір күні: «Саған не болды, құлыным?» деп сұрайды. Ол Анасына не болғанын жасырмай бәрін айтып берген екен, Анасы: «Мұншалықты қатыгез қызға қалайша тап болып жүрсің? Енді өмірің не болады?» деп налиды. Алайда жігітке анасының бұл сөзі тіпті де әсер етпейді. Сонда Анасы өзінің баласы үшін кеудесінен жүрегін суырып берген екен. Ол лүпілдеген Ана жүрегін алақанына салысымен, ғашығына қарай ұша жөнеледі. Жүгіріп бара жатып аяғы шалынып құлайды. Сол кезде Ана жүрегіне тіл бітіп: «Қатты құладың ау, құлыным! Бір жерің ауырып қалған жоқ па?» дейді. Осылай дейді де, жүрек те соғысын тоқтатады. Бұған қатты өкінген жігіт қайтадан кері қарай жүгіре жөнеледі. Ол сол келген бойда Ана жүрегін өз орнына қайта салады. Ананың – балаға, баланың – анаға деген махаббатының құдыреттілігі соншалықты, жүрек қайта соғып, Анасы тіріліп кеткен екен. Осылайша жігіт өмірдегі ең қымбаты әрі өзі үшін бәрін де қиюға дайын тұратын Анасының жүрегін жоғалтып ала жаздағанын түсінген екен. Президенттің Ақорда төрінен ғибрат ретінде айтқан өсиетінің әсерлі болғаны сонша оны көзіне жас ала отырып тыңдаған ханымдар да көп болды.