ЖСДП-ның мақсаттары мен міндеттері
ЖСДП-ның мақсаттары мен міндеттері
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлер – партия саяси кеңесінің мүшесі Айдар Алибаев пен «Общественная позиция» газетінің редакторы Бахыткүл Макимбай жамбылдықтармен кездесу өткізіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен және партияның тұғырнамасымен таныстырды.
Айта кету керек, сайлау күні жақындаған сайын саяси партиялардың да белсенділігі арта түсуде. Тараз қаласы, «Салтанат» мөлтек ауданында орналасқан «Сәуле» мейрамханасында өткен жиынды Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Григорий Тен ашып, жүргізді. Аталған жиынға облыс тұрғындарымен қатар, партия саяси кеңесінің мүшелері, облысқа қарасты жеті аудандағы аталған партия филиалдарының жетекшілері қатысты. Жиынды ашқан Григорий Тен партияның бүгінгі күні сайлаушылармен жүргізіліп жатқан жұмыстары жайлы айта келіп, ұйымның қазіргі бастамалары, болашақ жоспарлары мен міндеттері туралы да сөз қозғады. – Рас, біз үшін маңыздысы – көпшіліктің сайлауға келуі. Таңдау – өздерінде. Дегенмен, партия тарапынан насихат жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытып, өз кандидаттарымыздың ұстанған бағыттарын көпшілікке жеткізу де парыз. Саяси науқанның мәні мен маңызын түсіндіру, бұл тұрғыда тұрғындар үшін қолайлы насихат қағаздарын тарату жұмыстарын жүргізудеміз. Соңғы он жыл көлемінде жұмыс істеп келе жатқан филиал өңірімізге беделді, танымал азаматтармен толығып, қоғамдық мәселелерге үн қатып келеді, – деді филиал басшысы. Бұдан кейін сөз алған Мәжіліс депутаттығына үміткерлер Айдар Алибаев пен Бахыткүл Макимбай сайлаушыларға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, саяси науқанда «Өз еліңде өз даусыңа ие бол!» ұранымен өз болашағын айқындап алуға шақырды. «Біздің ұсыныстарымыз шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту төңірегінде қарастырылған. Сонымен қатар, жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықпен күрес, жалақы мен зейнетақы, жәрдемақылар көлемін ұлғайту мәселесі бар. Сондай-ақ, жастармен жұмыс істеу керек», – деді Айдар Алибаев. Партияның бұл додаға түсіп, үміткер болуы, ең алдымен елдегі демократиялық саясатты барынша кеңінен жүргізіп, әрбір тұрғынның құқығы мен бостандығына кепіл болу екендігін айтты. Сонымен қатар, партия қатарына өткен бірқатар азаматтарға Айдар Алибаев жиын соңында партия куәліктерін табыс етті. Үміткерлер республикалық және облыстық бұқаралық және электронды ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына да жауап беріп, ой бөлісті. Олардың айтуынша, Қазақстанды экономикалық тұрғыдан тиімді мемлекет жасау – партияның алға қойған басты міндеті. Сайлау уақыты таяғанша социал-демократтар осылай жер-жерде алқасөздер, флеш-мобтар өткізіп, студенттермен, еңбек ұжымдарымен кездеспек, партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдамақ. ЖСДП өкілдері үгіт науқаны кезеңінде бұған дейін Астана, Қарағанды және Алматы қалаларында болып, арнайы кездесу жиындарын өткізген. Әлі де еліміздің біраз аймақтарын, ірі қалаларды араламақ. Партия өкілдері жиынға келгендерге алдағы сайлауға белсенділік танытып, жаппай қатысуға шақырды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».