Дала төсіндегі дүбір толастаған жоқ
Дала төсіндегі дүбір толастаған жоқ
Өңір егінші-диқандарының қосқа шыққанына да бір жетідей уақыт болып қалды. Бүгінде жер-жерде жерді жырту, өңдеу, тұқым себумен байланысты көктемгі егіс-дала жұмыстары қыза түсуде. «Көктемнің бір күні – жылға азық» екенін жақсы білетін дала еңбеккерлерінде тыным жоқ.
– Биыл дән сеуіп, егін егуде күннің жылы шуақты күндері мен жерде аз-кем болса да ылғалдың барын сәтімен пайдаланып үлгергендердің асығы алшысынан түспек. Олардың кепілді өнім алары да анық. Міне, сондықтан да өңірдің егінші-диқандары көктемнің әр сәтін ұтымды пайдаланып қалуға күш салуы тиіс. Әзірге себік ісінде селкеулік жоқ, шаруашылықтар тұқыммен жеткілікті қамтылған, – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта алқаптарда негізінен ақ егіс, көпжылдық шөп және көккөніс егу ісі қатар жүргізілуде. Биыл жоспарға сай дақылдар 593, 2 мың гектар алқапқа орналастырылады деп күтіліп отыр екен. Жаздық масақты дәнді дақыл 141 400 (оның ішінде арпа – 137 900, бидай – 3, 5 мың) гектар алқапқа өсірілмек. Бүгінгі күнге дейін барлығы 38 384 гектар жерге дән себілген. Т. Рысқұлов ауданындағы Луговой жылқы зауыты өз қарамағындағы 8 мың гектар алқапқа масақты дақыл егуді толығымен аяқтап та шыққан. Байзақ ауданында бұл іс бел ортаға жуықтапты. Базбір жерлерде бұл іс енді қарқын алып келеді. Сондай-ақ, өңірде көпжылдық шөп – 5930, пияз 2506 гектарға егіліпті. Мамандар таулы аймақтарда сәл кештеу басталатын дала жұмыстары сәуір айына дейін мәресіне жетуі тиістігін айтады. Себік жұмыстары одан әрі жалғасуда. Даладағы дүбір әлі бәсеңси қойған жоқ.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».