Экономика

Қаратаудағы емхана

Қаратаудағы емхана

биыл пайдалануға беріледі GEDC2205Дағдарысқа қара­мастан, мемлекетімізде әлеуметтік саланы дамытуға баса көңіл бөлінуде. Елбасы тапсырмасымен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін апатты жағдайдағы мектептер мен емханалар құрылыс­тары жалғасуда. Іргесі өткен жылы қаланған Қаратау қала­сындағы жаңа емхана құрылысының биыл да қарқынды түрде жалғасуы – осы сөзіміздің дәлелі. Қазір құрылыс алаңында жұмыс қызып тұр. Біз нысан басына келгенде құрылысшылар ғимараттың ішкі-сыртқы қабаттарын, қасбеттерін сылап, электр желілерін орнатып, суағарлар, жылыту жүйелерін жүргізу үстінде екен. – Өткен жылы 678 миллион 800 мың теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Жалпы, құрылысқа 1 миллиард 78 мың теңге қаржы бөлінген. Жоспар бойынша емхана ғимараты құрылысын қыркүйек айына дейін бітіруіміз керек, – деді учаске бастығы Бақытбек Ералханов. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша өткен есепті жиында биыл Тараз қаласындағы 300 төсектік көп бейінді қалалық аурухана, Меркі ауылындағы және Қаратау қаласындағы емханалар құрылысын аяқтау жоспарланғанын, осы нысандардың құрылысына ағымдағы жылы 7,2 миллиард теңге бөлінгенін айтқан болатын. Учаске басшысының айтуынша, қазір 250 келушіге арналған емхананың ішін сылау-әктеу және басқа да инфрақұрылымдық жұмыстары аяқталуға таяу қалыпты. Ғимараттың сыртқы жақтары арнайы қаптамамен қапталуда. Төбесіне екі қабат жұмсақ жабынды төселуде. – Наурыз айында тапсырыс берілген құрылыс материалдары жеткізілсе, жұмысшылардың саны екі есеге дейін артпақ. Әрине, мүмкіндігіне қарай жұмысқа құрылысшыларды жергілікті жерден алуға тырысамыз, – деп Бақытбек Ералханов алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Жалпы, жұмыс алаңында 60-қа тарта құрылысшы еңбек етуде. Олардың басым көпшілігі – Қаратау қаласының тұрғындары. Алатын жалақылары – орта есеппен 80-100 мың теңге. Жұмысшылардың жатақханасы мен асханасы – құрылыс нысанының басында. Емхана құрылысына №2 Қаратау колледжінің студенттері дуалды оқыту әдісі бойынша жұмысқа тартылыпты. Олардың ұзын саны жиырма шақты. Екі жақты жасалынған келісімшартқа сәйкес, болашақ құрылысшылар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруда. Оларға краншы Аман Бегімов пен тиеуші Жақсылық Әзиев өз шеберліктерін көрсетіп, жұмыс үрдісіне қатыстырып та үлгеріпті.

Сәулембай Әбсадықұлы,  «Ақ жол».

Талас ауданы.