Экономика

Жастар тура жолдан таймасын

Жастар тура жолдан таймасын

Дінсіз қоғамды көз алдыңызға елестете аласыз ба? Қай елді алып қарайтын болсақ, діннің маңызды рөлі айқын аңғарылады. Егер ол саяси астарлы болып насихатталса, қоғам ыдырап бүлік пен тұрақсыздыққа ұрынады. Сондықтан біз халықтың санасына дәстүрлі діни сананы қалыптастыруымыз қажет. Мәселен, қазақтың дарқан даласына VIII ғасырдан бастап дәстүрлі ислам діні таралып, өркениет, мәдениет, ғылым-білім жанданып, аты әлемге әйгілі әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи және өзге ғалымдар елдің дамуы мен өркендеуіне зор үлестерін қосып, көптеген ғылыми-танымдық еңбектер жазды. Дін адамзат баласына бұрмаланбай жететін болса елдің бірігуі мен өркендеуіне зор ықпал етіп, өз нәтижесін береді. Дегенмен, қазіргі уақытта дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері біздің ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі діни танымды мансұқтап, халқымыздың санасын улап, тура жолдан тайдыруда. Біздің облысымызда да жат діни ағымдардың ықпалында жүрген азаматтардың бар екенін жасыра алмаймыз. Олар некелесу, ажырасу яғни «талақ», «жиһад», мемлекеттік қызметтен бас тарту, сақал қою, ғибадаттан алыс адамдарды жек көрсету үрдісі, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қарсы шығу тенденциясы, орта білім ордаларындағы діни киім кию жағдайы, діни сенімге байланысты «екпе» салдырмау сияқты басқа да мәселелерді ушықтырып жүр. Халық арасында исламафобияны тудыртып жүрген теріс түсініктегі азаматтар бүгінде анықталуда. Бұл орайда, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзін жадымызда сақтағанымыз абзал. Сондай-ақ, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс» деп нақты жауап бергенін білеміз. Қорыта айтқанда, жоғарыдағы айтылған мәселелерді сақтау біз үшін аса маңызды. Егер де біз жастарға жақсы нәрсенің баламасын дер кезінде насихаттамасақ, онда дәстүрлі емес діни танымдағы және радикалды діни топтардың жетегіне кететіні айқын. Осыған жол бермеуіміз керек.

Ринат Абишев, облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі.