Саясат

Ұстанымдарын ортаға салды

Ұстанымдарын ортаға салды

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Шу ауданының бірқатар елді мекендерін аралап, сайлаушылармен кездесті. Саяси ұйымның белсенді мүшелері жергілікті тұрғындарды сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, бірқатар мәселелерді талқылады. Партияның тұрғындармен кездесулері алдымен аудандық Мәдениет үйінде бастау алып, одан әрі Бірлік, Өндіріс ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Құрамында партияның орталық сайлауалды штабының өкілі, Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Жанар Жандосова, партияның Шу және Меркі аудандары бойынша үйлестірушілері Асқар Қомаев, Ержан Шыныбаев, партия облыстық филиалының заңгері Санжар Әбдісаттаров бар белсенділер тобын «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаттығынан үміткер Болат Момышев бастап келді.

«Еңбек етер кез келді» ұранын алға тартқан партия өкілдері жиында алдымен Тәуелсіздік ұғымы төңірегінде сөз қозғады. «Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық» деген бабалар өсиетін тілге тиек ете келе, партия үшін ел тәуелсіздігін нығайту мен ұлттық мүдделерді қорғау әрқашан басты басымдық болатындығын қадап айтты. Партияның тағы бір ұстанымы – «күшті және дамыған экономикасы бар мемлекет қана шын тәуелсіз бола алады» дегенге саяды. Бұл мақсатқа олар нарықтық экономиканы құру және жеке бизнесті қорғау арқылы ғана қол жеткізуге болады деп санайды. Сондықтан да партия белсенділері жеке бизнеспен айналысу қауіпсіз және тартымды болуы тиістігін, әрбір кәсіпкерден тәртіп бұзушыны көруді тоқтату керектігін әңгімеге арқау етті. «Адал бәсекелестікті қалпына келтіру, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіріп, оларға жұмсалатын ақшаны қайтарымдылық негізде жеке секторға беру қажет. Біз, Қазақстан, тек өзін мұнай немесе металдармен ғана емес, сонымен қатар, негізгі азық-түліктік және тұтынушылық тауарлармен толық қамтамасыз етілген экономика құру арқылы ғана теңгенің тұрақтылығына қол жеткізе аламыз» деді депутаттыққа үміткерлер. Кездесулер барысында мемлекеттің және бизнестің басты жауы сыбайлас жемқорлық тақырыбы кеңінен талқыланды. Олар өз сөздерінде мемлекеттің маңызды мақсаттарына қол жеткізу үшін тек демократиялық ұстанымдарды дамыту, мықты Парламент қалыптастыру арқылы билік органдарының қоғам алдындағы есептілігін ширатуды қажет деп санайтындықтарын жеткізді. «Кез-келген шенеунік өз шешімдерінің негізділігін қамтамасыз етуге және бюджеттік қаржыдан жұмсалған әрбір теңге үшін есеп беруге дайын болуы керек. Ал парламенттік партиялар бұған қол жеткізіп қана қоймай, мемлекеттік органдардан олардың жұмыстарының ашықтығын талап етуі тиіс» деп түйді «ақжолдықтар». Кездесуде жиналған жұртшылық тарапынан сұрақтар қойылып, мардымды жауаптар алынды.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

«Ақ жол» демократиялық пар­тия­сының басқарма мүшесі Нұрлан Жа­зыл­беков және осы пар­тияның Ал­­маты облысындағы филиа­лы­ның бас­шысы Мейраш Шынасылова бастаған арнаулы топ сайлау ал­дын­дағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін шалғайдағы Райымбек ауданына барды. Аудан орталығы Кеген ауылындағы кездесуде азаматтардың конституциялық құқығы бойынша дауыс беруде өз таң­дауларын білдіре алатындығы тәптіш­телді. Кәсіпкерлер партиясы деп те танылған «ақжолдықтардың» мақса­ты кәсіпкерлікпен бірге білім беру, ден­саулық сақтау, әлеуметтік жағдайды жақ­сар­ту сынды өмірлік мәні зор мәселелер екеніне де баса назар аударылды. Ал осы уақытқа дейін «Ақ жол» тарапынан не істелінді деген сауалға Н.Жазылбеков Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі бас­шылығы сыбай­ласқан жемқорлықпен елді алдап, әуре-сарсаңға салғандығын биік мінбер­ден әшкерелеп, заңнама талабына сай жазалауға себепші болғандығын көлде­нең тартты. Сөйтіп, жүздеген салым­шы­лардың конституциялық құқықтары қор­ғалып, аталған банк басшылығы заңсыз иеленген тұрғын үйлер иелеріне қайтарылған. Жалпы, шалғайдағы ауылдарға ба­ру­ды жақсы дәстүрге айналдыра біл­ген «ақжолдықтар» ел шекара­сын­дағы На­рынқол ауылында да болды. Қара­пайым халық Мәжіліс депутаттығынан үміткер Нұрлан Жазылбековтің айтқандарын мұқият тыңдап, барлығының көкейіндегі басты мәселе – Нарынқол тасада қала бере ме деген сауалға барып тірелді. Жоқ, На­рынқол тасада қалмайды. Об­лыс әкімі тұрғындар алдында есеп бер­­­ген­інде: «Елбасы тапсырмасына сәйкес, Нарынқолға тиісті деңгейде көңіл бө­лінетін болады», – деген еді. Сол қуа­­нышты хабарды нарынқолдықтар көзайым етіп, алдымыздан шығарды. Негізі­нен зейнеткерлер ғана қалған ауыл тұрғын­дарынан зейнетақының, айлық жалақы­ның уақ­тылы төленіп тұратын-тұрмай­тыны, ауыл­да ұрлық жасалмайтыны, қан­дай ама­нат айтатындығы сұралды. Қалай десек те, мұнда Елбасына деген сенімдері зор ха­лық­тың рухы мықты екені көрініп тұрды. Табиғат-ананың теңдессіз сыйы бұл өңірде баршылық, тек соны дұрыс пай­далана білу керектігі де атап айтылды. Сөйтіп, «ақжолдықтар» шекаралық өңір халқымен жақсы пікір алмасып, түсінісіп қайтты.