Ақыртасты мемлекеттік және халықаралық деңгейде жүйелі зерттеуге тиіспіз
Ақыртасты мемлекеттік және халықаралық деңгейде жүйелі зерттеуге тиіспіз
Мәжілісте палата спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Премьер-Министр К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық мұражайына енген көне жәдігерлер Қазақстан мен Орталық Азияның ғана емес, адамзаттық маңызға ие құндылықтар екені даусыз. ХІ ғасырға тиесілі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері мен Шығыс моншасы, Ақыртас қалашығы қараған жанды әрі қуантады, әрі күрсіндіреді. Қуантатыны – олар Ұлы Дала өркениетінің қайталанбас көркем үлгілері. Күрсіндіретіні – сол ғажайыптардың құпиясы әлі ашылып болған жоқ. Біз алыс тарихымыздың сырына толық қанғымыз келсе, Ақыртасты мемлекеттік және халықаралық деңгейде жүйелі зерттеуге тиіспіз. Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жүрсеңіз, Ақшолақ теміржол бекетіне жетесіз. Оң қол жақта Алатаудың қарлы биіктері асқақтайды. Солардың сауырында құпиясы әлі күнге беймәлім тас қала мүлгіп жатыр. Ол туралы бұлыңғыр болжам көп. Осы жерде 1893 жылы болған шығыстанушы Лерх Ақыртасты буддалық монастырьге телісе, түрколог Бартольд несториандар кезеңінің құрылысына балаған. Неміс ғалымы Брентьес араб қолбасшысы Кутейба салдырған қорғанға балайды. Ашығын айтайық, мұның бәрі – дерексіз жорамал. Кейінгі зерттеулер Ақыртас ертедегі Майя үндістерінің әйгілі пирамидаларымен тамырлас деген тұжырым жасата бастады. Бұған негіз жоқ емес. Төс табанға және қабырғаларға қаланған тас блоктардың әрқайсының салмағы бір тоннаға жуық. Олар тегістеліп өңделген. Бір-біріне геометриялық дәл аралықта көтерілген тас бағаналар Афинадағы Акропольдардың сілемін көзге елестетеді. Рим Колизейінің сәулетіне тән белгілерді де аңғарасың. Осындай ұқсастық – б.д.б. І ғасырларда Ғұн қағаны Чжан Чжин немесе Шөже Рим легионерлері мен Парфия шеберлеріне Талас, яғни Тараз қаласын салдырғанда, Ақыртасты да бірге көтерген жоқ па екен деген ойға бөктіреді. Асылында, бұл ой шындыққа жақын. Түйіп айтсақ, Ақыртасқа ЮНЕСКО-ның назарын аударып, осы беделді ұйымның қорғауына алдыруға тиіспіз. Сізден, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, осыған ықпал етуді өтінеміз. Сондай-ақ, Ақыртасты зерттеуге халықаралық археология орталықтарын тарту қажет. Себебі, тас қаланың тарихы тым әріге кетеді, оның құпиясы сонда ғана ашылады. Ақыртасқа бүгінде келушілер көп, республиканың шартарабынан, шетелдерден арнайы атбасын бұрушылар да аз емес. Олар қонатын үй республикалық бюджет арқылы салыныпты. Мұнда зерттеушілер мәжіліс құратын орын да бар. Қазірге жетпей тұрғаны екі нәрсе: Ақыртасқа Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралінен 8 шақырым асфальт жол тарту керек. Содан кейін сумен қамтамасыз ететін скважина қазып берсек, ежелгі археология ескерткіші көптің игілігіне айналады, Таразда туризмнің дамуына ықпал етеді. Бұл тілек-ұсыныстар біздің ғана емес, қария тарихтың өтініші деп біліңіз».
(«Егемен Қазақстан», 17 мамыр, 2014 жыл).